Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шетел қазақтарының жағдайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шетел қазақтарының жағдайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тұрысбеков 2018 жылдың желтоқсанында Ресейдің Омбы қаласында Кіші құрылтай өткізілгенін, ондағы қазақтардың мұңын тыңдап қайтқанын айтты.
"Көпшілігі ана тілін түсінбейтін халге жетіпті, тіпті 20 жасқа дейінгілер ұлттық болмыстан айырылып бара жатыр. Осылайша, Ресейдегі қазақтардың тілі мен ділін сақтау жөнінде арнайы пилоттық жобаны қолға алдық. Соның ішінде Ресейдегі қазақ балаларына екі жасынан бастап ана тілін оқыту туралы жоспар бар. Бұрындары ана тілін балаға анасы сіңіреді деуші едік, қазір 20-30 жастағы аналардың өзі тіл білмейді. Ана үйрете алмаса, мамандар келіп үйретсін, оған волонтерларды тартамыз", - дейді ол.
Ол 2020 жылды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Волонтерлер жылы" деп белгілегенін еске салды.
"Баяғыда орыстарда бірнеше тіл білетін, тарих пен дәстүрді білетін гувернанткалар болатын, олар балаларды тәрбиелейтін. Сол секілді, еріктілер де балаларға жастайынан қазақ тілін, дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тарихты үйретуі керек. Қазақ мектептерінің бірқатар елдерде жабылуына байланысты біз, өз елімізде шетелдерде тұратын қазақтарға тіл үйрететін білім орталықтарын дамытуымыз керек. Бұл тұрғыда қазақ диаспораларының балаларын ана тіліне оқытуға еліміздің интеллектуалды мектептері мен жоғары оқу орындарының зор мүмкіндігі бар. Биылдан бастап, жазғы демалыс кезінде шет елдерден келетін 4 000 балаға қазақ тілін, тарихын, дәстүрін үйрететін жазғы лагерьлер ұйымдастыруды қолға алдық", - дейді қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ, ол дүниенің әр түкпірінде шашырап жүрген қазақты бүгін көшіріп алмасақ, ертең жоғалтып алуымыз мүмкін деген болжам айтты.
"Мәселен, Қытай мен Ресейдегі қазақ балалары осыдан он жыл бұрын ана тілінде, яғни қазақ тілінде білім алып келді. Қазір бұл үрдіс азайды. Ресейдегі қазақтар орыс тілінде, Қытайдағылар - қытай тілінде оқуға көшіп жатыр. Ондағы қазақтардың тілден, ділден, дәстүрден айырылу қаупі туындап отыр. Осыған байланысты Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында ел ағасы Нұртай Әбіқаев басқаратын "Отандастар" қорын құрып, алыстағы ағайынмен байланыс жасауды міндеттеген болатын. Үкіметке арнайы тапсырма беріп, қазақтың мерейін көтеретін жұмыстар атқаруды тапсырды. Көп ұзамай шет елдердегі этникалық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған шаралар жоспары туралы арнайы Қаулы қабылданды. Бұл қаулы шет елдердегі қазақ диаспораларының білім алуына, ана тілін үйренуге, тарихи отаны мен мәдени-гуманитарлық байланысының артуына мүмкіндіктер ашты. Шет елдердегі қандастарымызды қолдау үшін ҚР Үкіметі жанынан ведомствоаралық комиссия құрылды. Оның құрамына Қаржаубай Сартқожа секілді ғалымдар тартылды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының орталық кеңсесі Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына көшіріліп, Nur Otan партиясы ғимаратына орналасты. Күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Шеттен келген әрбір қазаққа есігіміз ашық екенін айтқым келеді", дейді ол.
Тұрысбеков шетелдегі қазақ жатарын елге тартудағы атқарылып жатқан істерге тоқталды. Оның сөзінше, биыл тұңғыш рет магистратура мен доктарантураға грант бөлініпті.
"Қандастардың оқу, білім алу мәселесіне де ерекше көңіл бөліп келеміз. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, ЖОО дайындық курстарына шет елдердегі қазақ диаспорасы өкілдеріне квота көлемі артып келеді. 2018 жылы шет елдерде тұратын қазақ жастарына 860 грант берілсе, 2019 жылы ЖОО дайындық бөлімдеріне 1 000 орын бөлінді. Содай-ақ биыл алғаш рет магистратураға - 125 грант, докторантураға - тағы 10 грант бөлініп отыр. Бұл жұмыстардың барлығы шет елдегі және елге келген ағайынды қолдап, жәрдемдесу үшін жасалып жатыр. Ең негізгі мақсат - алыс-жақын шет елдегі қазақтардан, әсіресе жастардан айырылып қалмау", - дейді ол.
Сонымен қатар, Зауытбек Тұрысбеков соңғы 2019 жылдың дерегіне сәйкес, 10,7 мыңнан астам этникалық қазақтың елге оралғанын айтты. Оның мәліметінше, олардың 48,5%-ы Өзбекстаннан, 36%-ы Қытайдан, 6,2%-ы Моңғолиядан, 5,4%-ы Түрікменстаннан, 1,1%-ы Ресейден және 0,5%-ы Ираннан көшіп келген.
"Олардың басым бөлігі Ақмола облысына (27%), Маңғыстау (14%), Жамбыл облысына (9%) және Нұр-Сұлтан (8,9%), Шымкент (8,5%) қалаларына қоныс тепті. Ал жалпы әлемде 16 миллионнан астам қазақ бар. Соның үштен бірі, яғни шамамен бес миллионы сыртта жүр. Тағдырдың жазуымен әлемнің қырықтан астам еліне шашырап кеткенімен, олардың түп негізі, байланысы еш үзілген жоқ. Өйткені, көпшілігі шекаралас аумақтарда тұрады. Қытайдағы 1.8 миллион қазақ пен Моңғолиядағы 120 мың қандасымыздың өзара байланысы ажыраған жоқ. Өзбекстандағы бауырлар мен Ресейдің 12 бірдей аймағын еркін жайлап жатқан қазақтар туралы да осыны айтуға болады. Қай уақытта да барыс-келіс, алыс-беріс үнемі болды. Алтайдан көшіп, Гималай ауып Түркияға табан тіреп, кейіннен Еуропаның 30 еліне тараған қазақтар да түп негізінен ажырамады. Бұл байланыс еліміз өз Тәуелсіздігін алып, егеменді ел болған соң жақсарып сала берді. Елдің тізгінін алған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құрды. 1992 жылдың 10 қаңтарында әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтарға арнайы Үндеу жариялады. Ол Үндеу "Қайт қазақ, қара шаңырағыңа" деп аталды. Осыдан кейін Қазақстанға ұлы көш басталды. Бұл қазақтың жаппай рухани оянуына алып келді. Бас-аяғы 27 жылдың ішінде елімізге ұзын саны бір милион адам көшіп келді. Олардың саны осы уақыт аралығында өсіп-өніп екі милионды құрап отыр. Бұл - өте үлкен жетістік, үлкен күш", - деп түйіндеді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.