Қостанай облысы Тобыл қаласындағы зиратта вандализм мен ұрлық оқиғалары жиілеп кетті. Марқұмдардың жақындары көшеттердің, гүлдердің және абаттандыру элементтерінің жоғалғанына, сондай-ақ күзет пен бейнебақылау камераларының жоқтығына шағымданып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кейінгі оқиғалардың бірі Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан Салима Жұтаеваның бейіті маңында болған.
Белгісіз адамдар марқұмның зираты маңынан көшеттерді ұрлап, гүлзарлар мен қоршауды бүлдіріп кеткен.


Анасы қызының жерленген жерінен естелік заттар мен абаттандыру бұйымдары жоғалғанын айтты. Салима Тобылдағы зиратқа жерленген.
"Біз оның басына жиі барып тұрамыз, бірақ жақында келгенімізде нағыз ойранды көрдік. Көшеттерді, екі гүлзарды жұлып әкеткен, тіпті топырағына дейін қырып алған. Мен оларды 50 мың теңгеге сатып алған едім. Былтыр біз әкелген тірі гүлдерді жиі ұрлайтын. Содан кейін біз қақпа орнатып, құлып салдық", - дейді марқұмның анасы Ұлтуған Жұтаева.
Былтыр Салиманың туыстары зират басынан кесілген орындықты да көрген, сірә, белгісіз біреулер оны алып кетіп үлгермеген болса керек. Қаза тапқан қыздың жақындары болған жайтқа наразы.
"Қызымның басына барған сайын осындай сұмдық әрекеттерге тап боламын. Бұл менің жүрегіме одан сайын ауыр тиіп, қасіретімді арттыра түседі. Мародерлердің мұндай істерін көргенде жақын адамыңнан айырылудың ауырлығы екі есе күшейеді", - дейді марқұмның қарт анасы.

Әйелдің айтуынша, бұл жалғыз жағдай емес. Бұған дейін Тобыл тұрғыны Айгүл Шәріпова анасының бейітінен шырша жоғалғанын хабарлаған болатын. Белгісіз тұлғалар екі жылдық көшетті қазып алып, орындықтағы төсеме тастарды ұрлап кеткен.
"Анам ұзақ ауырып, өзінің кететінін білді, сондықтан ескерткішті өзі таңдап, қасында міндетті түрде қысы-жазы жап-жасыл болып тұратын шырша болғанын қалады. Мұнда зиратта күзет те, камера да, қарапайым қоршау да жоқ. Соның салдарынан кез келген адам келіп, бірдеңені қиратып, сындырып, плитканы шешіп немесе көшеттерді қазып ала береді", - дейді Айгүл Шәріпова.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Вандализм оқиғаларынан кейін әйел полицияға арыз түсірді. Қостанай облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
"Полиция қызметкерлері осы құқық бұзушылыққа қатысы бар адамды анықтауға және ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізіп жатыр. Азаматтарды зираттарға құрметпен қарауға, заңнама нормаларын сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырамыз. Мұндай фактілер анықталған жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет", - деді ведомство өкілдері.
Салима Жұтаеваның анасы да полицияға жүгініп, кінәлілерді тауып, жазалауды сұрамақшы.

Фото Tengrinews.kz
Еске сала кетейік, 29 жастағы Салима Жұтаева 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшыраған кезде қаза тапқан болатын. Ол Қостанайда дәрігер-ортодонт ретінде танымал еді, Қостанай мен Бакуде кезектесіп тұрған.
Қайғылы оқиға ондаған адамның өмірін қиып, өңірдегі ең ірі әуе апаттарының бірі болды. Қаза тапқандар арасында Қазақстанның 6 азаматы бар.
Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апаты: Ресей мен Әзербайжан бірлескен мәлімдеме жасады