ІІМ терроризм актілері туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік туралы ескертті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.
Ведомство ақпаратынша, жарылғыш зат қою немесе қоғамдық қауіпсіздікке өзге де қауіптер туралы жалған ақпаратты байланыс құралдары, интернет-ресурстар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тарату фактілері тіркеліп жатыр.
Полиция мұндай әрекеттер әзіл, қалжың ретінде жасалса да, қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланатынын атап өтті.
"Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, жаппай эвакуацияларға, мемлекеттік органдардың, білім беру, медициналық және басқа да әлеуметтік нысандардың жұмысының тоқтауына әкеледі, сондай-ақ шұғыл қызметтердің елеулі күштері мен құралдарын алаңдатады.
Бұл қылмысты жасағаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Осындай барлық хабарлама міндетті түрде тексеріледі, ал оларды таратқан тұлғалар заманауи цифрлық және техникалық құралдарды қолдану арқылы анықталады", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты ІІМ:
- тексерілмеген ақпаратты таратпауға;
- жалған шақырулар мен хабарламалар жасамауға,
- балаларға терроризм актісі туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіруге;
- қауіп-қатері бар хабарламалар алған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырады.