1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Мамин Нұр-Сұлтанда құрылысты бақылау бойынша кеңес өткізді 24 желтоқсан 2020, 18:14

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Нұр-Сұлтан қаласының жаңа орталығының құрылысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Нұр-Сұлтан қаласының жаңа орталығының құрылысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы құрылысының 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру туралы қала әкімі Алтай Көлгінов, тұрғын үй салу, инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, елорданы газдандыру туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, мектептер салу туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, халықты сумен қамтамасыз ету жағдайы туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мақсұм Мырзағалиев, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың басқа да басшылары бейінді жұмыс бағыттары туралы баяндады. 

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында шамамен 3 млн шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде 8 мың пәтер қолжетімді жеңілдікті тұрғын үйде пайдалануға беріледі. Тұрғын үй алаптарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үлескерлер мәселесін шешу аясында биыл 20 нысанның құрылысы аяқталады (2019 жылы - 10). Желтоқсан айының басында 7 жылдық тарихы бар "Гарант" ТК пайдалануға берілді. Қалған 22 проблемалық нысанды 2021-2023 жылдар аралығында пайдалануға беру көзделген. Осы жылы елордада 150 аула және 60 қоғамдық кеңістік (760 мың шаршы метр) абаттандырылды, 106 мың жасыл желек отырғызылды. ЖЭО-1 және ЖЭО-2 ішінара газға ауыстырылды.

"Көктал" тұрғын алабына апаратын газ құбырының құрылысы аяқталды. "Железнодорожный" тұрғын алабында 100% тарату желілері салынды. "Агроқалашықтың" бір бөлігі, "Көктал-1", "Көктал-2" тұрғын үй алаптары аяқталу сатысында тұр, "Күйгенжар", "Мичурино", "Интернациональный" тұрғын үй алаптарын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда, елорданың тұрғын үй алаптарында 300 км-ге жуық газ құбыры салынды, 5 мыңнан астам үй газбен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етілді. Биыл елордада 12 мектептің құрылысы аяқталды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2 есе көп.

2021 жылы қосымша 15 мектеп салып, пайдалануға беру жоспарда бар. Отырысқа қатысушылар тұрғын үйдің қолжетімділігін одан әрі арттыру, әлеуметтік нысандар құрылысы, тіршілікті қамтамасыз ету және көлік инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру тәрізді жүйелі мәселелерді қарастырды. Премьер-министр қаланың қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді дамуына қатысты барлық мәселелер бес жылдық кезеңге арналған Елорданың ықшам құрылысы жөніндегі кешенді жоспармен үйлестірілуі тиіс екенін атап өтті.

"Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елорданы дамытуға ерекше көңіл бөледі. Нұр-Сұлтан қаласы құрылысының кешенді жоспарының іс-шараларын сапалы әрі уақытылы орындау үшін барлық шараларды қабылдау қажет", - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы елорданы дамытуға инвестициялар тарту бойынша жұмысты жандандыру қажеттігіне, тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және көлік инфрақұрылымы құрылысының жоспарланған көлемін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаланы сумен қамтамасыз ету және абаттандыру проблемаларын шешу қажеттігіне назар аударды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!