1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Маңғыстау облысында жоғалған радиоактивті зат әлі табылмай жатыр03 қыркүйек 2014, 12:44

©lada.kz ©lada.kz

Маңғыстау облысында цезий-137-і бар темір контейнерді іздестестіру жұмыстарына Ұлттық гвардияның сарбаздары тартылып отыр. Облыс әкімі Алик Айдарбаевтың тапсырмасымен арнайы штаб құрылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақтаудың "Лада" ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Облыстың шұғыл іздестіру штабын басқару міндеті әкім орынбасары Әнуар Шөжеғұловқа жүктелді. Штабтың құрамына ұлттық қауіпсіздік қызметі, экологтар, "Қазатомпром-МАЭК (Маңғыстау атом электр комбинаты)" ЖШС мамандары, сондай-ақ ішкі істер мен төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері енді. "Радиоактивті заты бар контейнерді іздестіру жұмыстары жалғасуда", - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, цезий-137 радиоактивті заты бар темір контейнер "КамАЗ" жүргізушісінің немқұрайлығынан жоғалған болатын. Қауіпті жүк облыстың Сайөтпес пен Шетпе кенттері аралығында көліктен түсіп қалған. Контейнердің салмағы - 50-60 келі. Биіктігі - 30 см, диаметрі - 20 см. 

"Жүкті тасымалдау кезінде көлік жүргізушісінің немқұрайлығынан радиоактивті цезийі бар металл контейнер жоғалды. Контейнер табылса, оны ашпай, дереу құқық қорғау органдарына тапсыруды сұраймыз. Себебі цезий қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіреді", - деп хабарлайды ішкі істер департаменті. Телефоны: 8 (7292) 47-50-15. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік қызметінің облыстық департаментіне хабарласуға болады. Байланыс телефоны: 8 (7292) 42-02-42.