Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарын алуға арналған жеткілікті жаңа шекті деңгейдің 10 күн ішінде жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мән-жайы
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегін есептеу әдістемесін өзгерту туралы қаулыға қол қойған болатын. Сөз болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотта сақталуы тиіс сома туралы болып отыр. Шекті деңгейден асатын қаражатты қазақстандықтар, мысалы, тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге жұмсай алады.
Жаңа әдістемеге сәйкес, есептеу кезінде жас мөлшері, өмір сүрудің болжамды ұзақтығы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, болашақ жарналар, инвестициялық кірістілік және басқа да параметрлер ескерілетін болады.
Қазақстандықтар БЖЗҚ жаңа жеткілікті шегін есептеп көріп жатыр
Еңбек министрлігі не дейді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев министрлік өз құзыреті шеңберінде есептеу ережелеріне өзгерістер енгізгенін айтты. Ол бұрынғы формулада тоғыз көрсеткіш болса, жаңасында бес көрсеткіш бар екенін атап өтті.
"Қолданыстағы формула тоғыз көрсеткіштен тұратын - бұл ең төменгі жалақы мөлшері, ең төменгі зейнетақы мөлшері және тағы басқалар. Жаңа формула бес көрсеткіштен тұрады. Оған 9 пайыздық жылдық кірістілік мөлшерлемесі, ай сайынғы төлемдерді индекстеудің жылдық мөлшерлемесі және тағы басқалар кіреді. Барлығы бес көрсеткіш", - деп түсіндірді Ертаев үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, өзгерістер бекітілгеннен кейін БЖЗҚ 10 күн ішінде 20-дан 63 жасқа дейінгі азаматтар үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі бойынша есептеулер жүргізуі тиіс.
"Дәл 20 жастан бастап 63 жасқа дейін - кімде жеткіліктілік шегі қандай болуы керек екені анықталады. Қазір бұл жұмысты қор жүргізіп жатыр. Біз де бұл есептеулерді әлі көрген жоқпыз. Сондықтан 10 күн ішінде, мерзімдер белгіленген, олар мұның бәрін ресми сайттарда жариялайды", - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ шенеунік зейнетақы жинақтарын емделуге немесе тұрғын үй несиесіне пайдалану мүмкіндігі сақталатынын нақтылады.
"Бұл мүмкіндік қалады. Тіпті жаңа шекті деңгейлер кезінде де азаматтың артық жинағы болса, оны несиеге, емделуге қолдана алады. Біз бұл бөлікті қозғаған жоқпыз", - деп толықтырды Ертаев.
Министр өзгерістердің мақсаты - шекті деңгейлерді көтеру және зейнетақы жүйесінің жинақтаушы функциясын күшейту екенін қадап айтты.
"Біздің мақсатымыз - зейнетақы қоры азаматтарымыз үшін көбірек жинақтауы болды. Біз жинақтаушы қордың "жинақтау" деген сөзден шыққанын бәріміз түсінуіміз керек. Сондықтан оны депозит ретінде пайдалану дұрыс емес. Ол зейнеткерлік жасқа дейін жинақтау үшін жұмыс істеуі тиіс", - деп түйіндеді ол.
Мән-жайы
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегін есептеу тәсілін өзгерту көзделіп отырғанын жазған болатынбыз. Ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық төлем және күнкөріс деңгейі ескерілетін қолданыстағы әдістеменің орнына, адамның жасын, күтілетін төлемдерді, кірістілікті және демографиялық деректерді ескере отырып, актуарлық тәсілге көшу ұсынылады.
Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу: Ұлттық банк жеткілікті шек бойынша өз ұстанымын жариялады
21 сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы қаражатын алуға арналған жеткілікті шек мамырда көтерілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Жақында шенеунік шек 79 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін хабарлады.
Кейін Еңбек министрлігі жаңа жеткілікті шек бойынша ұстанымын түсіндірді. Осы ретте БЖЗҚ өкілдері әдістемені өзгерту неге қажет болғанын айтты.