1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Нәлібаев: "Індетпен күресте ынтымақ керек"

Сурет: Қызылорда қаласының әкімдігі Сурет: Қызылорда қаласының әкімдігі

Індетпен күресте ынтымақ керек. Бұл туралы бүгін Қызылорда әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлерімен кездесу барысында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қызылорда қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.

Күні кеше ғана дәрігерлермен арнайы кездескен шаһар басшысы ауруханаға не қажет, қандай тапшылық барын біліп, шұғыл түрде кәсіпкерлерге үндеу тастап, науқастарға қажетті оттегі концентраторын алып беруге және дәрігерлерге материалдық көмек көрсетуге ықпал жасады.

Кездесу барысында қала әкімі қазіргідей қиын уақытта адам жанына араша болу үшін жылдам әрекет ету керек екенін алға тартты. Бүгінгідей жомарт азаматтардың көмегімен оттегі тапшылығының шешілгенін, денсаулығын қауіп-қатерге тігіп жүрген қызметкерлерге де қолдау көрсетілетінін және алдағы уақытта жалғасатынын, "індетпен күресте ынтымақ керек" екенін жеткізді.

Жұқпалы аурулар ауруханасына "Олжас" ЖШС директоры Талғат Жұматов 2 миллион 800 мың теңге қаражатымен демеушілік көрсетті. Жеке кәсіпкер Талғат Тасболатұлы 1 миллион 700 мың теңге тұратын оттегі концентраторын тарту етсе, 1 миллион 100 мың теңгеге 7 тонна жанар-жағармай өнімдерін табыстады. Қазіргі таңдағы ахуалға сай өкпесі қабынған науқастардың қатары көбейіп, жасанды тыныс алу құрылғысына деген сұраныс артқан. Жаңа концентратор енді науқастардың еркін дем алып, тыныс жолдарының жұмысын жақсартады.

Ал "Яссауи" ЖШС директоры Кахар Дадашов індетпен күресте аянбай атсалысып, алғы шепте жүрген дәрігерлерге 1 миллион теңге қаржылай қолдау білдірді. Күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға 100 мың теңгеден үлестірілді. Игі бастама иелері өзге кәсіпкерлерді індетпен күресте белсенділік танытып, бірге болуға шақырды.

"Елімізде күн сайын індеттің белең алып бара жатқаны белгілі. Осы орайда әркім қолынан келгенін жасап, індетпен күреске үлес қосуы керек деп ойлаймыз. Біздің бұл ісімізді басқа да кәсіпкерлер қолдаса екен дейміз" - деді "Олжас" ЖШС директоры Талғат Жұматов.

Өз кезегінде жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова ұжымы атынан күрделі кезеңде қол ұшын созып жатқан жандарға және жан-жақты қолдау жасауға ықпал етіп отырған аймақ басшысы мен қала әкіміне ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін вируспен күрес үшін аймағымыздағы тағы 7 жеке кәсіпкер белсенділік танытып, 8 миллион аса қаражат көлемінде қолдау білдірген болатын. Оның ішінде "Мағжан и К" шаруа қожалығының басшысы Мағжан Ералиев 1 миллион 100 мың теңгеге 700 дана толтырылған оттегі баллондарымен және арнайы 50 дана қорғаныш киімдерімен, көлікпен қамтамасыз етті. "Ақтөбе и К" қожалығының басшысы Н.Іздібаев 700 дана, жеке кәсіпкер Н.Байжігітов 50 дана тегін оттегімен, облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов оттегі баллондарын толтыруға 1 миллион теңге қаржылай көмек көрсетті.

Бұдан бөлек, "Өмірзақ" ЖШС құрылыс компаниясы 2 миллион теңге қаржылай көмектессе, "Ел Арай" ҚБ басшысы А.Байдәулетов тасымал қызметін тегін жүргізіп жатыр. "Абай-Дәулет" шаруашылығының басшысы Мұрат Сәрсенбаев 3 миллион 200 мың теңге бөліп, қала аумағындағы медициналық ұйымдарды қосымша құрылғылармен қамтамасыз етті. Бұл - қала әкімдігі мен жеке кәсіпкерлердің бірлесіп атқарып жатқан жұмыстары.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!