ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бас туын көтеріп, Астана күніне арналған мерекелік іс-шараларды бастап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бас туын көтеріп, Астана күніне арналған мерекелік іс-шараларды бастап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Атамекен" этно-мемориалдық кешеннің айналасында Мемлекеттік туды көтеру және курсанттарға офицерлік иықбелгі тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Сонымен қатар, Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар басталды.
"Бүгін Астанада Мұхамедияровтар отбасында елордамыздың миллионыншы тұрғынның дүниеге келгенін үлкен қуанышпен айтқым келеді. Арайлым балабақшада тәрбиеші болып, ал Олжас электр жабдықтарының маманы болып жұмыс істейді. Енді Астана қаласы - миллион тұрғыны бар қала. Барлығыңызды құттықтаймын", - деді Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға арнаған сөзінде мемлекеттік ту әрбір қазақстандық үшін қасиетті құндылық болып саналатын ұлттық бірлік нышаны екенін атап өтті.
"Бұл – тәуелсіздігінің 25 жылдығын биыл тойлайтын еліміздің асқақ рәмізі. Біз егемен Қазақстанды осы көк ту астында бірге құрдық. Ширек ғасыр ішінде қуатты мемлекеттің іргесі берік ғимаратын бірлесіп салдық. Жақында ғана республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Әлемдік қоғамдастық планетадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне атсалысу сынды биік миссияны Қазақстанға сеніп тапсырды", - деді Президент.
"Бұл – еліміздің биік беделі мен табысты дамуының мойындалуы. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмыс біздің туымызды бұрынғыдан да танымал ете түседі. Ту - ұлттық бірліктің белгісі. Ол еліміздегі тұрақтылықты, көп этникалық тұрғындардың теңдігі мен болашағымызды көрсетеді. Сондай-ақ, қазақстандық патриотизмді оятады. Яғни, патриотизм барлығынан бұрын өз Отанында қызмет етуден басталады", - деді Қазақстан Президенті.
"Бүгін біз жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырамыз. Осы күндері мыңдаған қазақстандық жас оқуын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Сіздер өз жолдарыңызды елдің бас байрағының алдында, салтанатты жағдайда бастап отырсыздар. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені сіздер қоғамда құрметке ие айрықша мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер бірнеше жылды жақсы білім алуға, жаңа машықтарды игеруге, достық пен өзара көмектің құндылығын түсінуге арнадыңыздар. Енді осының бәрін тәжірибеде қолдану керек", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті мемлекеттік ту көтеру рәсімі дәстүр бойынша Астана күніне арналған іс-шаралардың бастауы болып саналатынына назар аударды.
"Біз Астана күніне арналған барлық іс-шараны бастадық. Биыл біз Астананың 18 жылдығын – кәмелеттік жасқа толуын атап өтеміз. Бұл – биіктер бағындырылған және сол биіктен жаңа перспективалар көрініп тұрған кез. Тәуелсіздік тудырған Астана құлпырған үстіне құлпырып, қарыштап өсуде. Бұл қала елді біріктіріп, жаңа табыстарға жетелеп, көш басында келеді", - деді Назарбаев.
Еске салайық, бүгін Астанада миллионыншы тұрғын дүниеге келді. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана қалаcы №1 перинаталдық орталықта сағат 01.00-де дүниеге қыз келді. Қыздың ата-аналары - №9 "Нұршашу" балабақшасының тәрбиешісі 22 жастағы Арайлым Мұхамедияр мен "Астана-РЭК" электр жабдықтарының маманы Олжас Мұхамедиярдың тұңғышы дүниеге келіп отыр. Айта кетейік, қызға Саида деген есім қойылды.