18 наурыз 2017 09:46

Назарбаев Атамбаевтың мәлімдемесі жайлы: Оған мән берудің қажеті жоқ

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алмазбек Атамбаев пен Нұрсұлтан Назарбаев. © Ақорда Алмазбек Атамбаев пен Нұрсұлтан Назарбаев. © Ақорда

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада журналистермен кездесуінде Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Сұхбат республикалық телеарналардың эфирінде көрсетілді.


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада журналистермен кездесуінде Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Сұхбат республикалық телеарналардың эфирінде көрсетілді.

Айта кетейік, Атамбаев Euronews тілшісінің "ЕАЭО Ресей мүддесіне көбірек жұмыс істейді деп есептемейсіз бе?" деген сұрағына: "Бізге біреумен сауда-саттық жасау керек, көршілермен жұмыс істеуіміз керек. Егер бұл одаққа кірмесек оқшау қалып қоятын едік. 2010 жылы Қазақстан бізді 1,5 айға оқшаулап тастаған кезде, бізде адам шығыны да болды. Оқшаулану жақсы емес болғандықтан, осындай жағдай болды. Енді біз қайда қосыламыз? Ауғанстанға ма? Біз Еуроодаққа кіруге дайынбыз. Мен мұны ұсындым, маған тура жауап берді: бізде ортақ шекара жоқ. Енді біз не істейміз? Бізде алты миллион адам бар. Оқшауланып алып, ну ормандағы тайпалар сияқты өмір сүру ме? Біз дамуымыз керек, бізге нарық керек", - деп мәлімдеген еді Қырғызстан басшысы.

"Түркі тілдес халықтың бауырластығына, достығына көп нәрсе жасап келе жатсыз, Сізді түркі әлемінің атасы деп баға берді. Бірақ мына көршілес отырған қырғыз елінің басшысы Алмазбек Атамбаев жақында Euronews-ке сұхбатында адам шығыны болды, блокада жасап қойды деп Қазақстанды айыптады. Осындай сөздің шығуы неліктен деп ойлайсыз?" деген тілшінің сұрағына Елбасы қысқа да нұсқа жауап беретінін айтты. 

"Бұған қысқаша ғана жауап беремін. Жақында біздің премьер-министр Сағынтаев қырғыз елінде болды. Атамбаев оны қабылдады. "Ағаттық кеткен екен, неге соған көңіл бөлесіңдер?" депті. Ұлы Абайдың сөзі бар: Қырғыз-қазақ бір туған дегенді дүниеде қолданбайтын ешкім жоқ". Сондықтан біз көршілес елміз. Ел басшылары келеді, кетеді, ал халық қалады. Оған онша көңіл бөле бермеу керек. (...). Түсіндіре кету керек, төңкеріс болып, Қырғызстанда заңды отырған президентті орнынан құлатып жіберді, сосын түрмеде отырғандарды шығарды. Барлық сотқарлар бізге қарай лап еткенде жаптық шекараны. Болашақта солай болатын болса, шекараны тағы да жабамыз. Қай мемлекет шекарасын жаппайды, әрбір мемлекет өз қауіпсіздігін ойлайды. Түркия да жауып отыр, сол кезде Өзбекстан да, Тәжікстан да жапты. Ол жерде ешкімнің кінәсі жоқ", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айтуынша, кінә сол жерде болған жағдайда. "Керісінше қырғыз елінде азамат соғысы болмасын деп, мен Бәкиевті алып шықтым. Оның төңірегінде қаруланған үлкен топ болатын. Бішкекке барып, барлығын қиратамыз деп отырған кезде сол кездегі мемлекет басшысы Отынбаев деген болатын, соның қолхатымен (ол бізде бар) "Алып кетуді сұраймыз" дегеннен кейін ұшақпен әскерилерді жіберіп, ішін тынышталдырғанмын. Сондықтан оған мән бере берудің қажеті жоқ. Саясаткер болу үшін, ел басқару үшін кәдімгі пілдің терісіндей терің болуы керек, садақтың оғы өтпейтін. Ол өтімді, кетімді, бірақ әрине, елдің басшысы болғаннан кейін ойланып сөйлеу керек. Сондықтан туысқан әрі бауырлас елдің арасындағы қарым-қатынасқа сол арқылы сызат түседі деп мен ойламаймын", - деп мәлімдеді Елбасы. 

Сондай-ақ, Президент Қырғызстанның жағдайы нашар екенін айтты. "Көмектесіп отырмыз, алда да көмектесеміз. Жақында 40 миллион доллар ақша бердік. Бұл ақшаны біз ет-сүтін әкелу үшін шекарадағы зертханаларын жөндеу үшін беріп отырмыз. Ошта бәрі қирап қалған кезде мен ақша жіберіп, екі мектеп салдырдым. Гуманитарлық көмекті де анда-санда беріп тұрамыз", - деді ҚР Президенті.

Осыған дейін Назарбаевтың мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы сұраққа жауап бергені хабарланған еді. Кейін журналистер саяси бәсекелестіктің жоқтығы жайлы сұрақ қойған болатын.

Еске салайық, Кездесуге қатысушылар "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауды іске асыру аясында ел экономикасын трансформациялау үдерісінің бірқатар аспектілерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін, қазіргі саяси жаңғыру кезеңінің ерекшеліктерін, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарын, сондай-ақ басқа да маңызды жайттарды талқылады.

Кездесуге "Қазақстан", "Хабар", "МИР" телеарналарының, "Айқын" газетінің, "Esquire" журналының, "Қазақпарат" ақпарат агенттігінің журналистері қатысты. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети