01 шілде 2018 15:19

Назарбаев: Домбыра - қазақтың бренді әрі паспорты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Елбасы Қазақ елін Ұлттық домбыра күнімен құттықтады, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.


Елбасы Қазақ елін Ұлттық домбыра күнімен құттықтады, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

"Домбыра - қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, һәм бітім-болмысы". Қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаған Нұрсұлтан Назарбаев бүгін қос ішекті аспапты осылай бағалады.

"Қадірлі қауым, баршаңызды ұлы мұрамызды ұлықтайтын бүгінгі Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Менің жарлығыммен жыл сайын осы айдың бірінші жексенбісі "Ұлттық домбыра күні" деп аталатын болды. Осы жарлыққа байланысты тек қана Астанада емес, Қазақстанның бар түкпірінде, облыс орталықтарында, қалаларда, аудандарда, ауылдарда да бүгін дәл осындай Домбыра мерекесі болып жатыр. Домбыра - қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол Ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр.

Бір кезде Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын бәріміз білеміз. Ғалымдар ол сурет берісі төрт мың, арғысы алты мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізден 4-ғасырдың мұрасы болыпты. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуірімізден 5-ғасырға тиесілі. Көріп отырсыздар ма, Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы төрт мың, бес мың жылдан бері осы домбыраның үнін естіп күмбірлеген, қуанышты да, өкінішті де домбырамен әкеле жатыр. Ол бүкіл біздің даламыздың, барлық қазақтың бір екенін, жанымыздың да, қанымыздың бір екенін дәлелдейтін өте нақты нәрсе.

Мойнына көне түркі таңбасы мен жұпар күй әуені бізді сүйсіндіреді деп жазылған аспап сонау Күлтегін заманынан бері келе жатыр. Одан бері қилы замандардың бәрі домбыраның көмейінен күй болып төгіліп, тарихтан сыр шертеді. Тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен сыршыл шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. Күміс көмей әншілеріміз домбыраны қолына алып, сайын даланы жаңғыртып, әуелетіп ән салған. Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Ол қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті", - деді Назарбаев.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. Кешегі арамыздан өткен Нұрғиса Тілендиев домбыра арқылы өзінің өшпес өнерін қалдырды. Олардың барлығы ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жалғасып, халықтың жанында сақталып келеді. ЮНЕСКО шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді. Елімізде қасиетті қара домбырға деген құрмет ешқашан төмендеген емес. Осыдан біраз жыл бұрын Астанада күй атасы - Құрманғазының ескерткіші бой көтерді. Алматыда әйгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтің еңселі ескерткіші орнатылды. Осының бәрі домбыра мен күй өнерінің ғасырлар бойы даламызды сазбен тербеткен күйшілерді қадірлеудің көрінісі болып табылады.

Құрметті отандастар, белгілі ақын Қадір Мырза Әлінің "Домбыра" атты өлеңінде "Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра" деп айтқан қанатты сөзі бар. Қазақтың қара домбырасына қара өлеңмен қойылған бұл ұлы ескерткіш болып саналады. Домбыра қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген. Күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді. Бүгін "Қазақ елі" алаңына жиналған мыңдаған күйші осының айқын көрінісі. Рухани жаңғыруға бет бұрған халқымыз қасиетті домбыра мен құдыретті күйді қаншалықты қадірлейтінін бүкіл дүниеге паш етіп отырмыз. Осы жерде күмбірлеген күйлер біздің бірегейлігіміз бен рухани тұтастығымызды білдіреді. Лайым әр уақытта Жаратқан біздің елімізге бірлік берсін. Осы күйдің бірлігіндей бірлік беріліп, қазақтың татулығы мен елдің болашағын жарқын етсін. Бүгінгі шара өскелең ұрпақты қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түседі деп білемін. Ұлттық домбыра күні тағы да баршамызға құтты болсын! Әсіресе, домбырасүйер күйшілерге, әншілерге. Бұл домбыраны түсіну үшін, мағынасын түсіну үшін нағыз қазақ болып, ауылда ең бірінші естіген дыбысы домбыраның үні болса, өмір бойы ол адам бақытты болады, көңілі жадыраңқы болады деп білемін. Еліміздің ашық аспаны бейбіт заманын дәріптейтін күмбірлі күйлерге балана берсін. Болашағымыз жарқын болсын! Ұрпақтарымыз да біздердей домбыраны сүйіп, елімізді алға бастай берсін! Табысты болыңыздар", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақ елі монументінің алдында ұйымдастырылған концерттік алаңға келіп, 2 мыңнан астам өнерпаздың орындауындағы күйлерді тыңдады. Қасиетті қара домбыраны мұндағы көпшілікпен бірге министрлер, Парламент депутаттары шертті.

Орындалған "Көңілашар", "Адай", "Сарыарқа", "Балбырауын" күйлері тылсым дүниеге терең бойлап, өмір мұхитына шексіз еніп кеткендей күй кештірді.

Еске сала кетейік, Елбасының Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп белгіленген. Бүгін бұл мереке елімізде алғаш рет тойланып жатыр. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети