05 шілде 2016 09:05

Назарбаев Ораза айт мерекесімен құттықтады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ораза айт мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ораза айт мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

"Құрметті отандастар!

Баршаңызды мұсылмандардың қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! Рамазан - адамзат баласын рухани тазару арқылы мейірімділік пен сабырлылыққа жетелейтін ұлық та қасиетті айлардың бірі. Ораза айттың шуақты күндерінде мұсылмандар бір-біріне айттап, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін білдіреді. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қуанышқа кенелту де - қасиетті мерекенің жарқын көріністерінің бірі. Ораза айт - бір шаңырақтың астында ауызбіршілік пен келісімде өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтарды біріктіре түсетін ынтымақ мейрамы. Осы мызғымас құндылықтарымыздың арқасында біз Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылда қарқынды түрде дамып келеміз. Қастерлі Қазақстан жерінде өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өркениеттер үндестігіне сүбелі үлес болып қосылуда. Ораза айт мерекесіндегі игі істер исламның қайырымдылық пен мейірімділіктің, өзара көмек пен жанашырлықтың діні екенін айшықтай түседі. Қасиетті мейрам күндері әрбір шаңыраққа шаттық пен денсаулық, игілік пен бақ-береке тілеймін. Елімізде бірлік пен келісім салтанат құра берсін! Ораза айт мерекесі құтты болсын!", - делінген Президенттің құттықтауында. 

Айта кетейік, Ораза айт мерекесімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы да құттықтады. 

"Құрметті отандастар, бауырлар! Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Сіздерді мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі - Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын, ағайын! Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт - мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады. Еліміздің мұсылман қауымы қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларымызға атсалысты. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық акциялар өтті. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Сауабы теңдессіз осынау жақсы істерге үлес қосқан отандастарыма өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан "Алла разы болсын" деймін", - делінді Бас мүфтидің құттықтауында. 

Сонымен қатар, Бас мүфти "айт" сөзінің - "мерекелеу", "хал сұрасу", "бір-бірін қуанту", "қуанышқа топталу" деген мағыналарды білдіретінін еске салды.

"Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді. Хадис-шарифте айтылғандай, Алла Тағала: "Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...", - дейді. Ораза айт - бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Алла баршамызды мол сауапқа кенелген құлдарының қатарына қосуын тілеймін.   

Айт күнінде толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Айт намазына барудан бұрын құрмадан дәм тату - пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы. Ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін ортақ мерекемен құттықтап, тілеулестік білдіру - игі амал. Ораза айт - отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, балаларға сыйлық үлестіріп, ағайын-көрші, туыс, бауырларды қонаққа шақырып, айрықша көңіл бөлу де - сауапты іс. Қадірлі қауым! Ораза айт мерекесі құтты болсын! Алла Тағала ұстаған оразамызды, дұға-тілектерімізді, қасиетті айда жасаған әрбір қайырлы амалдарымызды, берген зекет пен пітір садақаларымызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай! Әрбір отбасына амандық, жақсылық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін! Раббымыз баршамызды рамазаннан рамазанға дейін аман-есен жеткізе берсін! Еліміз аман жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин!", - деп құттықтады Ерлан қажы Малғажыұлы.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети