Қаржы министрлігі медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек ақысын төлеу кезінде бақылау-касса машиналарының чегінде пациенттің ЖСН-ін көрсетуді ұсынғаннан кейін, қазақстандықтар бұл деректердің нақты қай жағдайларда көрсетілетінін түсінбей қалды. Мемлекеттік кірістер комитеті ақпараттың қорғалуы қалай қамтамасыз етілетінін және жаңашылдықтың кімдерге қатысты болатынын түсіндірді, деп хабарлайды TengriHealth.
Не өзгереді?
Біздің сауалымызға жауап ретінде Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті қазіргі уақытта бақылау-касса машинасының (БКМ) техникалық талаптарына сәйкес, пациенттің ЖСН-і оның қалауы бойынша чекте көрсетілуі мүмкін екенін хабарлады.
Енді бұл тетікті міндетті ету жоспарланып отыр, бірақ тек ТМККК және МӘМС аясындағы медициналық қызметтер үшін ғана. Яғни, ақшасы медициналық сақтандыру қорынан аударылатын қызметтерге қатысты.
"БКМ чегінде пациент ЖСН-інің көрсетілуі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қор қаржыландыратын медициналық мекемелердің шығындарын қадағалауға және пациенттің қызметті алған-алмағанын, оған негіз болған-болмағанын тексеруге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Қаржы министрлігі бұл жаңашылдық есеп айырысу ашықтығын арттырып, медицина саласындағы көлеңкелі экономиканы азайтуға көмектеседі деп есептейді.
Министрлік ақпаратынша, чектегі мәліметтер нақты көрсетілген медициналық қызметтер бойынша бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бақылау үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйелеріне беріледі.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Ведомство мәліметінше, мемлекеттік тізілімге енгізілген кассалық аппараттарда барлық қажетті функция бар. Қосымша пысықтауды қажет етпейді.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі пациент кері байланысы бар мобильді қосымша арқылы қызмет алғанын растай алатын жүйені іске қосуды жоспарлап отыр, деп нақтылады МКК.
"Ашық НҚА" порталындағы жазбада түзетулер жобасы жарияланғаннан кейін қазақстандықтар ЖСН көрсетпесе, дәрі-дәрмек сатып ала алмаймыз ба деп қауіптенді. Ведомство бұл талаптың дәріханалардан дәрі-дәрмек сатып алуға қатысы жоқ екенін айтады.
TengriHealth жарияланым астындағы скриншот
Сондай-ақ чекте ЖСН-нің болмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу жоспарда жоқ, деп ескертті МКК.
Мемлекеттік кірістер комитеті ЖСН-мен жұмыс істеу кезінде дербес деректер және салық құпиясы туралы заң талаптары сақталатынын ерекше атап өтті. Біздің сауалымызға берілген жауапта БКМ қолданатын медициналық ұйымдар мен дәріханалар Салық кодексі мен "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс екені айтылған.