Назарбаев Шыңғыс хан Томиристің шыққан тегі жайлы тұжырымдарға сын айтты

22 Ақпан 2017, 16:44
2
Назарбаев Шыңғыс хан Томиристің шыққан тегі жайлы тұжырымдарға сын айтты - Нұрсұлтан Назарбаев. © Ақорда
Нұрсұлтан Назарбаев. © Ақорда

Өткен шаққа қарайлай беруді емес, баянды болашаққа ұмтылған елдің ұмытылмас ұстанымын алуымыз керек. Бұл туралы Елбасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысының салтанатты сессиясында мәлімдеді.

"Құрметті академик мырзалар, Мұхтар Әуезовтің "Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін - білім" деген сөзі бар. Біз мәңгілік ел болуға ұмтылған, өрлеуді, көркеюді мақсат еткен халықпыз. Біз өткен шаққа қарайлай беруді емес, баянды болашаққа ұмтылған елдің ұмытылмас ұстанымын алуымыз керек. Кейде анау тарихқа, "Томирис қазақ екен", "Шыңғысхан қазақ екен" дегенде менің ішім ауырады. Біздің басқа айтатын сөзіміз жоқ па? Басымызды артқа бұрып, алға қарай қалай жүреміз? Алға қарайтын кез келді. Тони Блэрдың өзінің парламентінде айтқан сөзі бар еді "Ұлыбританияның ұлы тарихы бар. Бірақ біз музейлерде өмір сүрмейміз ғой, адамдарды компьютер алдына отырғызуымыз керек" деген. Сол сияқты мына біз де ойлануымыз керек. Сіздерден, зиялы қауым, білімді, дуалы ауызды адамдардан шығатын сөздер болуы керек. Болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан "жаңа жағдайда Қазақстанның болашақ ұрпағы қандай болуы керек деген сұрақ болуы керек" деген сауалдың туындайтыны заңдылық. Біз ұлы дала төсінде ұлы мемлекет құрған аға буынбыз осы отырған. Мен де сіздердің қатарларыңызға кірдім, құдай бұйыртса. Бізге осы киелі жетістіктерімізді ертең баянды ететін, отанымыздың асқақ болмысын еселей түсетін зерек те, зиялы ұрпақ керек", - деді Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысының сессиясында Қазақстанға қандай ұрпақ керек екенін айтты. 

"Зияткер ұрпақ керек. Ол қандай ұрпақ? Ол рухани бай, Тәуелсіздікті пір тұтатын, тарихын, діні мен мәдениетін қастерлейтін денсаулығы мықты, өресі биік азамат керек. Сол азаматты таңдауымыз керек. Озық технологиялардың білгірі, жаһандық деңгейдегі кәсіби маман болуы керек. Әр жерге барып жұмыс істей алатын болуы қажет. Мысалы, біз айтамыз, Балтық жағалауындағы елдердің жастарының көпшілігі батысқа кетіп қалып жүр. Украиналықтар солай істеп жатыр. Түбінде олар еліне пайдасын тигізеді. Ол үшін ана тілімен бірге әсіресе, ағылшын тілін кәсіби түрде еркін меңгерген ұрпақтың өкілі болуы керек. Сонда ғана қазақтың азаматы дүниежүзілік бәсекеге сай болады. Қытайға барсаң, ағылшын тілін біледі, Жапонияға барсаң, ағылшын тілін біледі, Үндістанға, Малайзияға барсаң да ағылшын тілін біледі. Біраз уақыттан кейін ешқандай ғылым мен технология келмейтінін білгеннен кейін барлығы дүние жүзі қолданатын тілге көшті. Енді біз осы мәселе төңірегінде қандай іске көшуіміз керек? Барлықтарыңыздың балаларыңыздың қайда оқитынын білемін ғой мен. Сондықтан да, ағайын, алға қарай жылжу үшін қолдау жасау керек. Дүниежүзінде біз бәсекелі болу үшін осыны ұмытпауымыз керек. Жаңа буын көшбасшы, бәсекеге қабілетті әрі отаншыл болуы тиіс. Біз тәрбиелеп жатқан жаңа Қазақстанның президенттері, меніңше, осындай қасиеттерге ие болуы керек. "Ғылымның тамыры ащы, жемісі тәтті" деген қанатты сөз бар. Академияның мерейлі белесімен баршаңызды тағы да шын жүрегіммен құттықтаймын. Барлығыңыздың қажырлы еңбектеріңіз жемісті болсын, елдің игілігіне, Мәңгілік ел боламыз деген идеологияға сай болайық. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!", - деді Мемлекет басшысы.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай