Алматыда Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейін алты жолақты жол салынады, деп хабарлайды Tengri Auto.
Алматы әкімдігі мәліметінше, қалада Баймағамбетов көшесі, Құлжа тасжолы, Бұқтырма көшесі мен Рысқұлов даңғылы шаршысында жалпы ұзындығы 17,5 шақырым болатын жол салу жоспарланып отыр.
Бұқтырма көшесі мен Рысқұлов даңғылын байланыстыратын жаңа магистраль ені 50 метр және ұзындығы 4,6 шақырым болатын алты жолақты көше болмақ.

"Бұл жолды салу Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен көлік байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде көлік қолжетімділігі артып, қаланың көше-жол желісінің өзара байланысы жақсарады, сондай-ақ Алматы мен агломерациядағы елдімекендер арасындағы көлік қатынасының тиімділігі күшейеді", - деп атап өтті әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жаңа магистраль құрылысына байланысты мемлекетке жеке сектордағы 200-ге жуық жер учаскесін сатып алу қажет болады. Тиісті қаулы қабылданып қойған, жылжымайтын мүлік иелеріне хабарлама жіберілді.
Еске сала кетейік, биыл Талғар тасжолын да алты жолаққа дейін кеңейту жоспарланған.