Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі басталды. 23 шілдеде прокурор айыптау актісін оқыды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Адам өлтіру", "Алып қашу" және "Сталкинг"
Сотталушы 28 жастағы Ш. А. Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталып жатыр:
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы бойынша – "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру";
- 125-1-бап бойынша – "Некеге тұруға мәжбүрлеу";
- 115-1-бап бойынша – "Сталкинг".
"Қарсылассаң, екеуміз де жол апатына түсеміз": айыптау актісі
Айыптау актісіне сәйкес, сотталушы Нұраймен 2025 жылдың жазында танысқан. Қыркүйекте ол қызға сезімін білдіріп, отбасын құруды ұсынған, бірақ қыз тұрмысқа шығуға әлі ерте екенін айтып, бас тартқан.
Сотта 2025 жылдың қазанында оның Шымкенттен Алматыға келіп, қыздың жалдамалы пәтеріне барып, оны алдап қала сыртына алып шыққаны айтылды.
"Серікбай Алматыдан шығып кеткенін түсініп, қарсылық көрсете бастағанда, ол: "Егер қарсылассаң, екеуміз де жол апатына түсеміз" деп қорқытқан. Ш. А.-ның туыстары оның қылмыстық ниеті туралы білмегендіктен, қызды Шымкенттен Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қасымбек датқа ауылындағы үйге алып келген. Сол күні кешке айыпталушының отбасы келінді қарсы алуға дайындала бастаған: Серікбайдың басына орамал тағып, шымылдыққа отырғызған", – деді прокурор.
Айыптау актісіне сәйкес, Нұрай Серікбайдың ағалары – Сұлтан мен Бауыржан қарындастарын алып қашып кеткенін біліп, айыпталушының үйіне барған. Іс материалдарынан белгілі болғандай, Нұрай туыстарынан өзін алып кетуді өтінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, Сұлтан қызды алып кетпек болған, алайда үйде Ш. А.-ның туыстары болғандықтан, бұл мүмкін болмаған.
"Сұлтан Серікбай бірнеше рет 102 нөмірі бойынша полиция қызметкерлерін шақырып, көмек сұраған. Кезекші бөлімге хабар түскеннен кейін Шымкент полиция департаментінің жедел-тергеу тобы келіп, зардап шегуші Нұрай мен күдіктіні Шымкенттің Қаратау аудандық полиция бөліміне жеткізген. Онда тергеушілер түсініктеме алып, материалдарды өндіріссіз қалдырған. Күдікті Ш. А. бұдан былай жәбірленушіні мазаламауға уәде беріп, Нұрай туыстарымен бірге үйіне қайтқан", – деп прокурор айыптаудың алғашқы эпизодын оқыды.
Тергеушілер бұл әрекеттерді 125-1-баптың 1-бөлігі "Некеге тұруға мәжбүрлеу" бойынша саралады.
Бір жарым сағатта 76 қоңырау: сталкинг эпизоды
Мемлекеттік айыптаушы алып қашқаннан кейін де сотталушы қызды аңдуын тоқтатпағанын атап өтті. 2025 жылдың күзінде ол қызбен байланысқа шығуға тырысып, Шымкенттен Алматыға келіп, оның жалдамалы пәтері маңында күзетіп жүрген.
Айыптау актісінен белгілі болғандай, 7 қазанда ол 1,5 сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Нұрайға 76 рет қоңырау шалған.
"2025 жылдың 7 қазанында сағат 11:55-тен 13:17-ге дейінгі аралықта ол жәбірленуші Нұрайдың еркінен тыс байланыс орнату мақсатында оның ұялы телефонына 76 рет қоңырау шалған. Алайда нәтиже болмаған соң, ол Шымкенттен Алматыға келіп, жәбірленушіні аңдыған", – деді прокурор.
Прокурордың айтуынша, 8 қазанға қараған түні сотталушы қызға қайтадан қоңырау шалмақ болған. Онымен сөйлесуден бас тартқаннан кейін, ол үйінің маңында күзетін жалғастырған.
"2025 жылғы 8 қазанда сағат 01:06-дан 01:11-ге дейін ол жәбірленушінің ұялы телефонына 8 рет қоңырау шалып, мазасын алған. Алайда жәбірленуші онымен сөйлесуден бас тартқан. Соған қарамастан, Ш. А. жәбірленушіні сағат 10:50-ге дейін аңдуды жалғастырған. Бұл әрекеттерінен нәтиже шықпаған соң, ол сол жерден кетіп қалған", – делінген іс материалдарында.
Айыптау актісіне сәйкес, 10-11 қазан аралығында сотталушы тағы 70 рет қоңырау шалған. Мазасыз аңду қарашаның аяғына дейін, яғни жәбірленуші телефон нөмірін ауыстырғанша жалғасқан.
Тергеушілер бұл әрекеттерді Қылмыстық кодекстің 115-1-бабының 1-бөлігі "Сталкинг" бойынша саралады.
35 пышақ жарақаты - үшінші эпизод
Айыптау нұсқасы бойынша, бірнеше айға созылған аңдудан кейін Ш. А. қызды өлтіруге бел буған.
Прокурор 2026 жылдың 11 қаңтарында кешке сотталушы Нұрайдың Шымкенттегі үйіне барғанын хабарлады. Ол пышақ ала келіп, қалтасына жасырған. Қыз үйден шыққанда, ол сөйлесуді ұсынған, бірақ қыз бас тартып, кері қарай беттеген.
"Сол сәтте Ш. А.-да кісі өлтіру ниеті пайда болған. Содан кейін жәбірленуші Серікбай көпқабатты үйлердің арасымен бара жатқан қолайлы сәтті пайдаланып, алдын ала дайындап келген пышағын алып, оның денесіне 5-6 рет пышақ салған", – деді прокурор.
Айыптау мәліметтері бойынша, алғашқы соққылардан кейін Нұрай қашуға тырысқан, бірақ бірнеше метрден соң аулада құлап қалған. Прокурор сотталушы оған қайта жақындап, пышақпен соққы жасауды жалғастырғанын мәлімдеді.
"Өз мақсатына жете алмай және қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізуді көздеп, Ш. А. қолына пышақ алып, жерде жатқан жәбірленушіге қайтадан жақындап, оған жалпы саны 35 пышақ жарақатын салған. Соның салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Осыдан кейін Ш. А. жәбірленушіні қалдырып, оқиға орнынан бой тасалаған", – делінген айыптау актісінде.
Прокурор тергеу бұл эпизодты 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бойынша саралағанын мәлімдеді.
Іс хроникасы
Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болды. Желіде тараған бейнебақылау камераларындағы жазбалардан ер адамның қызды аңдып жүргенін, қыз қашуға тырысып, қарсылық көрсеткенін, содан кейін ер адам оған пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткенін көруге болады. 13 қаңтарда күдікті – өңірдің 28 жастағы тұрғыны қаладан 10 шақырым жерде ұсталды.
Ұсталған адам туралы Нұрайдың ағасы Сұлтан бөліскен мәліметтер БАҚ пен әлеуметтік желілерде ашу толқынын тудырды.
Күдікті оның қарындасын тойда танысқан 2024 жылдың жазынан бастап аңдығаны белгілі болды. Қыз оның тым белсенді көңіл білдіруінен сыпайы түрде бас тартқан, бірақ қазанда ер адам түбегейлі әрекеттерге көшкен.
"Ол телефонды тартып алып, көлікке отырғызып, Алматыдан Шымкентке алып кеткен. Нұрай үй киімімен болған, оған "соңымнан ермеңіз, мені аңдуды қойыңыз" деп айту үшін ғана шыққан. Ол үлкендерді әрқашан сыйлайтын, ал күдікті 28 жаста болған. Ол осыны пайдаланып, оны алып қашқан", – деп еске алды Нұрайдың ағасы Сұлтан.
Сол кезде Сұлтан мен үлкен ағасы қарындасын полиция шақырту арқылы ғана құтқара алған – ұсталған азаматтың туыстары Нұрайды келін ретінде жібергісі келмеген. Полиция қызды босатуға көмектесті. Бірақ кейін оның отбасы құқық қорғау органдарының немқұрайлылығына тап болды.
Қыздың туыстары адам ұрлау туралы полиция мен прокуратураға үш рет арыз жазған. Бірақ олар қабылданбады. Бірнеше айдан кейін қызды өлтіріп кетті.
Жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында полицияның әрекетіне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент полициясының бастығы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылғаны, ал некеге тұруға мәжбүрлеу туралы істі тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде бейнежазба тарады, оны Шымкент полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялады деген болжам бар. Жазбада Нұрай Серікбай өзін некеге тұру мақсатында ешкім ұрламағанын және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтады. Роликте Нұрай ер адамға ешқандай шағымы жоқ екенін айтқаны да бар.
Скриншот: видео/typicalkaz/Instagram
Отбасының адвокаты Сержан Нүрпейісов жәбірленуші тарап тергеу құпиясын бұзғаны үшін ресми шағым түсіргенін хабарлады.
Бұған дейін марқұм Нұрай Серікбайдың отбасы Бас прокуратураға шағым жолдады.