Өскемен қаласында Қордың қаржыландыруымен оңалту орталығына балалар ойын алаңы табысталып, экологиялық жобаның тұсауы кесілді.
Өскемен қаласында Қордың қаржыландыруымен оңалту орталығына балалар ойын алаңы табысталып, экологиялық жобаның тұсауы кесілді.
135 ерекше тәрбиеленуші бар алғашқысының құны 20 млн теңге болса, екіншісіне 6,5 млн теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобы атынан жобалардың бас серіктесі "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен өңірде жүзеге асқан, ерекше балаларға арналған жазғы лагерьдің қорытынды маусымы өтті. Бұл жобаға Қор тарапынан 98 млн теңге бөлінді.
"Аймақтық үкіметтік емес ұйымдардан еліміздің ең шалғай жерлеріндегі адамдардың өмірін қалай жақсартуға болатыны туралы қызықты идеялар күтеміз. Шағын бастамалар бүкіл облыс, тіпті барлық ел үшін игілікті болуы мүмкін. Бүгінгі жобалар өкілдерін де маңызды да ортақ іске қосқан үлестерімен құттықтаймын", - деді "Samruk-Kazyna Trust" бас директоры Альфия Адиева.
Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде іске қосылған экологиялық жоба барысында балаларға арналған электронды микроскоп және Өскемен қаласының ауасын, суы мен топырағын зерттеу көрсеткіштерінің жиынтығымен жабдықталған сандық үлгідегі эко-зертхана құрылды.
"Біз "Самұрық-Қазынамен" серіктестікте әлемді жақсы өзгертіп, қазақстандықтардың экологиялық сауатты буынын тәрбиелегіміз келеді. Ол үшін балалармен, жастармен көптеген кездесулер мен сабақтар өткізіп жатырмыз", - деді ғалым Борис Щербаков.
Шығыс Қазақстан облысындағы 266 ерекше балаға арналған сауықтыру-демалыс, шығармашылық лагері барлығы 7 маусымды қамтып, жеткіншектер ата-аналарымен бірге табиғат аясында сергіп, бой жазды. Осылайша әр отбасыға жеке жазғы үй, күніне бес рет тамақтану ұсынылды. Балалардың жағдайын ескере отырып, әлеуметтік және медициналық іс-шаралар қарастырылды.
"Біздің балаларымызды назардан тыс қалдырмай, тамаша демалыс ұйымдастырған демеушілерге айтар алғысымыз шексіз. Мұнда балаларға ұнады. Көздеріндегі қуанышты көріп, біз де бір жадырап қалдық", - деп әсерімен бөлісті ерекше баланың анасы Анна Шарапова.