Жетісу облысының тұрғындары сапасыз интернетке шағымданып, сот арқылы ақшаларын қайтаруды талап етті. Нәтижесінде он пайдаланушыға 315 мың теңге қайтарылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергенов айтты.
"Жетісу облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Талдықорған сотына 10 тұтынушының құқығын қорғау мақсатында сапасыз интернет пен байланыс қызметтері үшін ақшаны өндіріп алу туралы талап арыз түсірді. Нәтижесінде сот ұйғарымымен он тұтынушыға 315 мың теңгені қайтару міндеттелді", - деді Танабергенов.
Оның нақтылауынша, қазақстандықтар алдымен интернет провайдеріне жүгініп, 40 күннен аса сапалы байланыс болмағанын айтқан. Осыдан кейін өңір тұрғындары аумақтық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданған.
"Компания бұл күндері байланыс қызметі көрсетілмегенімен келісіп, ақшаны қайтарды", - деп толықтырды Болат Танабергенов.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Марат Башимов өз үйіндегі интернеттің нашарлығын айтып, премьер-министрдің орынбасары, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевке шағымданған болатын.
"Халықты сіздердің нарыққа кім кіретіні қызықтырмайды. Олар қызмет ақысын төлейді. Мен 15 000 төлеймін, сапалы интернет алғым келеді. Бірақ ол жоқ! Ал сіздер бұл жерде дәл осы тұтынушылардың құқығына тиісті деңгейде көңіл бөлмей отырсыздар", - деді Башимов Мәжіліс отырыстарының бірінде.
Жаслан Мәдиев депутатты тыңдап, мәселені шешуге уәде берді.