SCAT Алматыдан Бодрумға тікелей тасымалдауларды жүзеге аырады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі, авиакомпанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"28 маусым күні SCATавиакомпаниясына "Гүлнар тур" туроператорынан Бодрум-Алматы және Алматы-Бодрум рейстерін жүзеге асыруға тапсырыс түсті. Техникалық мүмкіндіктерін қарап шығып, авиакомпания аталған рейстерді орындауға келісімін берді.
Бодрумнан Алматыға ұшып шығатын жоспарлы уақыт 21:30-ға белгіленген. Алматыға ұшып келу – 05:30. Алматыдан Бодрумға ұшу 07:00-ге жоспарланған. Бодрумға туристер 09:50-де жетеді (жергілікті уақыт). Бұл рейстерді жүзеге асыру авиакомпанияның меншікті туристік рейстерінің кестесіне әсер етпейді", - деп хабарлайды авиакомпания.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін "Гүлнар тур" компаниясының клиенттері Jet Airlines компаниясының ұшақтарымен ұшатын. 26 маусым күні 140-тан астам қазақстандық туристер Бодрумнан ұшып кете алмаған болатын.
"Барлық туристер бөгелетіндері жөнінде хабардар етілген. Бөгелу техникалық себептерге байланысты болды деуге келеді. Яғни Jet airlines авиакомпаниясының экипажы ауысады", - деп түсіндірілген компанияда.
Алайда, олардың 28 маусым күні SCAT компаниясымен ұшатындықтары мәлім болды.