Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек ретінде коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасының 25 мың дозасын жіберді. Ол барлық өңірге жеткізілген. QazVac вакцинасын алғандарда шағым немесе асқыну болған жоқ. Сондай-ақ, Қырғызстан Қазақстаннан коронавирус жұқтырған науқастарға арналған тез құрылатын мобильді клиника салу бойынша көмек сұрады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхатында Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев айтты.
Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек ретінде коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасының 25 мың дозасын жіберді. Ол барлық өңірге жеткізілген. QazVac вакцинасын алғандарда шағым немесе асқыну болған жоқ. Сондай-ақ, Қырғызстан Қазақстаннан коронавирус жұқтырған науқастарға арналған тез құрылатын мобильді клиника салу бойынша көмек сұрады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхатында Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев айтты.
Қырғызстандағы вакцинация
Қырғызстанда вакцинация 24-25 шілдеде басталды. Осы кезде елге Sinopharm вакцинасының кезекті партиясы жеткізілген. Күн сайын елде 20 мыңнан аса адам екпе салдырады. 5 тамызда алғашқы дозаны 520 мыңнан аса адам алған. Министрдің айтуынша, елде вакциналау жас санатына бөлінбейді, барлық тілек білдіруші вакцина ала алады.
"Sinopharm, AstraZeneca, QazVac алынғаннан кейін жаппай вакцинация басталды. Біз COVAX халықаралық бағдарламасы арқылы AstraZeneca вакцинасының 226 мың дозасын алдық. Қазір қырғызстандықтарда үш таңдау бар. Тұрғындар AstraZeneca немесе Sinopharm немесе QazVac-ты таңдай алады. Барлық вакцина Қырғызстанның барлық өңіріне, соның ішінде QazVac та біркелкі таратылды.
Алдымен "Спутник V" вакцинасы халық арасында танымал болды. Бірақ "Спутник V" ДДСҰ мақұлдаған вакциналар тізіміне кірмейді. Шетелге оқуға, жұмысқа немесе іссапарға барғысы келетіндер Sinopharm және AstraZeneca вакцинасын таңдай бастады, өйткені олар ДДСҰ тізіміне енгізілген", - деді Алымкадыр Бейшеналиев.
QazVac - гуманитарлық көмек
Денсаулық сақтау министрі қазақстандық QazVac вакцинасының 25 мың дозасы барлық облыс орталығына таратылғанын мәлімдеді.
"QazVac вакцинасын алғаннан кейін шағымдар немесе асқынулар болған жоқ. Тиімділік туралы айтатын болсақ, әзірлеушілер бізге екі күн қатарынан келді. Менімен, эпидемиологтармен кездесті. Олар үшінші клиникалық кезеңде вакцинаның тиімділігі 95 пайызға жетті дейді. Біз БАҚ-қа қазақ ғалымдары, QazVac авторлары берген ақпаратты таратамыз.
Халық тек бірінші дозаны алды, енді екіншісін алады. Бір айдан кейін олар антиденелердің бар-жоғын тексереді, содан кейін ғана вакцинаның қаншалықты тиімді екенін айта алады", - деп қосты министр.
Оның айтуынша, бір жарым ай бұрын ол Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Рәпіл Жошыбаевпен кездескен.
"Сол кезде мен вакцина бойынша көмектесуді өтіндім. Қарағандыда "Спутник V" құйылып, QazVac вакцинасы әзірленіп жатқанын білдік. Сонда елші "Мен Қырғызстанға алғашқы гуманитарлық көмек көрсетілуі үшін бәрін жасаймын" деді.
Біраз уақыттан кейін ол қоңырау шалып: "Жоғарыдағыларды хабардар еттім, олар келісті" деді. Осылайша, 25 мың доза вакцина жеткізілді", - деп толықтырды ведомство басшысы.
Қырғызстан Қазақстаннан тез құрылатын мобильді клиника салуға көмек сұрады
"Бірлесіп жұмыс істеу үшін қандай да бір қадамдар болады деп үміттенемін. Біз вакцина әзірленген көп елге бірлесіп әзірлемесек те, ең болмағанда вакцинаны бірлесіп құюды ұйымдастыру үшін жүгіндік.
Пандемия кезінде мен денсаулық сақтау министрі болғаннан кейін Қазақстан көмек ретінде 400 жасанды тыныс алу аппараты мен бетперде алып келді. Маған дейін де көмек көрсетілді.
Қазір Қазақстан Үкіметімен коронавирус жұқтырған науқастар үшін мобильді тез құрылатын клиника салуға көмектесуін келісіп жатырмыз. Қазір шартты әзірлеу кезеңі жүріп жатыр. Бізге жұқпалы аурулар ауруханалары жеткілікті болғаны қажет. Басқа ауруларды емдеген ауруханалар ковид үшін қайта бейімделді", - деді министр.
2021 жылғы 5 тамыздағы жағдай бойынша республикада 840 жаңа жағдай тіркелген. Барлық кезеңде бойынша 167 076 жағдай тіркелген, оның ішінде 115 249 жағдай - расталған, 51 827 жағдай - клиникалық-эпидемиологиялық тұрғыда расталған.
Министрдің өзі Sinopharm вакцинасы әкелінгеннен кейін 29 наурызда екпе алған. 21 күннен кейін екінші дозаны алды.
Қырғызстандағы вакцинация кезеңдері
Оның айтуынша, Қырғызстандағы вакцинация процесін үш кезеңге бөлуге болады.
"Біз вакцинацияны алғаш бастаған кезде теріс көзқарас болды. Еуропада, әлемде вакцина жасағандар қайтыс болды деп жаза бастады, көп асқыну болды. Екінші кезең - вакцинаны дәрігерлерге, мұғалімдерге, шекарашыларға салдық. Олар вакцинация қажет екенін түсінді, өйткені олар көп адаммен кездеседі, дәрігерлер жұқтырған науқастармен байланыста жұмыс істейді. Үшінші кезең - жаппай вакцинация.
Барлық министр, соның ішінде президент вакцина алды. Бұл вакцинаны алу керек екенінің мысалы. Біз қыркүйекке дейін республика халқының 40-50 пайызын қамтуды жоспарлап отырмыз. Ал жаңа жылға қарай ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, 2 437 000 адамды егу керек, бұл халықтың 70 пайызы. Жүз пайыздық вакцинацияға қол жеткізу үшін біз үш жарым миллион адамды вакциналауымыз керек", - деді ведомство басшысы.
ПТР-сынама және вакцинация паспорты
Республикада вакцинация паспорты жақында беріле бастады, өйткені шетелге шығуы керек азаматтар бар. Жақында әуежолдарының жұмысы жаңғырды. Теміржол әлі жұмыс істемейді.
"Сертификаттар (вакцинация паспорты) электрон сайтта автоматты түрде көрсетіледі және әзірге жалған сертификаттардың бар екені туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ бір апта бұрын маған ПТР-сынама жасайтын жеке компаниялар шығарған жалған ПТР-анықтама бар екені туралы хабарланды.
Әзірге бұл тек қауесет, біз оны әлі ұстаған жоқпыз. Құқық қорғау органдарына ұсталғаннан кейін, мұны жасағандар Қырғызстан заңы бойынша құжаттарды қолдан жасағаны үшін жазаланады", - деп түйіндеді министр жалған вакцинация паспорттарының пайда болу дерегі туралы сұраққа жауап бере отырып.
Айта кетейік, 28 шілдеде Қырғызстанға Қазақстаннан 25 000 доза қазақстандық QazVac вакцинасы гуманитарлық көмек ретінде жеткізілді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!