04 тамыз 2014 14:35

"Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" экспедициясы түркі ойшылдары мазарларына барды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Аппақ қожа мазары. ©Владимир Прокопенко Аппақ қожа мазары. ©Владимир Прокопенко

Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының Шоқанның 180 жылдығына арналған "Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" ғылыми-танымдық экспедициясы Қашғардағы бірқатар тарихи-мәдени нысанды аралап көрді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының Шоқанның 180 жылдығына арналған "Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" ғылыми-танымдық экспедициясы Қашғардағы бірқатар тарихи-мәдени нысанды аралап көрді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қашғардың тарихи бөлігінде болғаннан кейін қазақстандықтар қала іргесіндегі уезд - Артушқа (Атұш) келді. Уәлиханов бұл қала туралы Қашғарға іргелес өңірлер туралы еңбектерінде баяндайды. Экспедиция мүшелері Артуштағы соборлы үлкен мешітті көрмек болған еді, бірақ, өкінішке қарай, жергілікті қатаң тәртіпке байланысты мұнда кіруге рұқсат етілген жоқ.

Артуш - Қызылсу-Қырғыз автономиялық округінің әкімшілік орталығы. Бүкілқытайлық халық санағының мәліметінше, 2000 жылы мұнда ұйғырлардың үлес салмағы 63,98%, қырғыздар - 28,32%, қытайлар 6,41% болған. 

Артуштың орталық алаңында қазақтар мен қырғыздардың ұлттық ойыны - Көкпарға арналған ескертіш бар. 

Қашғарға қайтып келген экспедиция мүшелері қаланың басты сәулет ескерткіштерінің бірі - Қашғар билеушілерінің сағанасы - Шығыс Түркістанның діни әрі саяси қайраткері Аппақ қожа кесенесінде болды. Бұл жер туралы Шоқан "Аппақ қожа қабірі - Қашғар округіндегі ең керемет ғимарат, ол - қаладан солтүстік-шығысқа қарай алты шақырымда, Түмен өзенінің оң жағалауында" деп жазды. 

Кесене Аппақ қожа мазарынан, Жама мешітінен және медреседен тұрады. Бұл кешенді жергілікті шеберлер 1633-1665 жылдары тұрғызған. Мазардың ортасында үлкен күмбез, бұрыштарында жасыл-көк түсті өрнектермен безендірілген төрт мұнара бар. Мазар ішіне 72 адам жерленген. Олардың арасында Аппақ қожа мен оның туыстары бар. Мазар маңындағы көне медреседе өңірдің талай ақыны, ғалымдары мен діндарлары білім алған.

Бұдан соң қазақстандықтар Қытайдағы ең үлкен мешіт әрі Орталық Азиядағы ең айтулы үш мешіттің бірі - Этигарда (Ид Ках) болды. "Этигар" сөзі ұйғыр тілінде "мерекелік" дегенді білдіреді.

Ид Ках қақпаларының жанында биігінде айы бар 18 метрлік мұнаралар бар. Орталық есік пен аркадан кейін үлкен ауланы көруге болады, онда ғибадатхана бар. Мешітке 10 мың адам сыяды, жергілікті тұрғындардың айтуынша, мереке күндері мұнда әр аймақтан 80 мыңға дейін адам келеді. 

Бұдан кейін экспедиция мүшелері ХІ ғасырдағы түрік ойшылы, ақын, ғалым, мемлекет қайраткері Жүсіп Хас Хажиб Баласағұнидің кесенесіне келді. Ол Қарахан мемлекетінің астанасы - Баласағұнда туған, бірақ өмірінің көбін Қашғарда өткізді. Осында білім алып, орта ғасырдағы ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосты, ол түрік тілімен бірге, араб-парсы тілдерін де жетің меңгерген.

Жүсіп Баласағұни 50 жасында "Құтты білік" дастанын жазып бітірді, бұл еңбегін Сүлейман Арслан қағанға сыйлаған ол Хас Хажиб - жеке камергер мәртебесіне ие болды.

Уәлиханов еңбектерінде оның Жүсіп Баласағұни кесенесінде болғаны айтылмайды. Дегенмен "Шоқан Уәлихановтың керуен жолы бойымен" экспедициясының жетекшісі Орденбек Мазбаев қазақ ғалымының ұлы ақынның басында болғанына күмән келтірмейді. 

Назарбаев Университетінің магистранты Жалия Жайдақбаеваның пікірінше, Шоқан өз еңбектерінде мәдени-діни нысандарға әдейі көңіл аудармаған болуы мүмкін. Өйткені оның мақсаты басқа болды. "Ол бұл өлке туралы ақпарат жинастырды. Әскери нысандар туралы көп жазды. Оның бұл кесене туралы айтып жатуды артық санауы әбден мүмкін", - дейді Жайдақбаева.

Қазақстандықтар Қашғардың үлкен базарын аралап көрді. Орталық Азиядағы ең ірі сауда орны отын базары, мата базары, мал базары болып, бірнеше салаға бөлінеді. Экспедиция мүшелері Қашғардағы бес ай уақыт ішінде Шоқанның бұл базарға келмеуі мүмкін емес деп есептейді.

"Қашғарда Әлімбай көпес деген атпен жасырын жүрген Шоқанның осы базарда көп уақыт өткізгені анық. Қашғар базары - ерекше әлем, бұл жерде адамдар сауда жасап қана қоймай, адамдармен қарым-қатынас жасап, жаңалықтарды білісіп тұрған, мұнда таңғы және түскі астарын ішкен, ақындар мен ғалымдар өз ойларын ортаға салған. Базарда қазақ саяхатшысы жақсы көрген қолөнер шеберлері жұмыс істеді", - дейді экспедицияның ғылыми жетекшісі Смайлжан Иминов.

Экспедиция мүшелері түркінің ұлы филологы, лексикограф Махмұд Қашғаридің мазары - "Қасиетті ұстаз қабірінде" болды. Әйгілі түркіше-арабша сөздік-анықтамалық - "Диуану лұғат-ит-түрк" еңбегінің авторы түркі-мұсылман өркениетінің дәуірлеп тұрған шағында ғұмыр кешкен.

"Бұл нысанның біздің "Орталық Азияның Ұлы Жібек жолы" туристік бағытын жасау жұмысы үшін маңызы зор", - дейді Мазбаев. Бұдан соң экспедиция Қырғызстанға бағыт алады, жолда Уәлиханов еңбектерінде айтылатын Ташрабат қаласы мен шекарадағы Тұрағат бақылау-өткізу пункті бар. Қазақтың тұңғыш саяхатшы-ғалымы осы тау өткелі арқылы жүрген. 

Читайте также
Join Telegram
Тоқаев Қытайға барады

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети