Мәжілісте нотариустардың атқарушылық жазбалары мәселесі көтерілді, олардың негізінде қазақстандықтардың шоттары бұғатталып, шетелге шығуына шектеу қойылуы және қарыздар сотсыз өндіріп алуға берілуі мүмкін, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Нотариаттық қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде депутат Мұрат Әбенов Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы Олег Полумордвиновке сауал жолдады. Мәжілісмен азаматтардың микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және екінші деңгейлі банктер алдындағы берешектері бойынша атқарушылық жазбаларға шағымданатынын мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, бұл норма қабылданған кезде ол тек даусыз талаптар бойынша, мысалы, коммуналдық қарыздар бойынша қолданылады деп болжанған. Алайда Әбенов кейіннен атқарушылық жазбалар арқылы басқа да борыштар өндіріле бастағанын айтты.
"Бұл ретте сіздердің нотариустарыңыз шешімді адамды шақырмай, оның пікірін тыңдамай, құжаттарды ұсынбай шығарады", - деді ол.
Депутат мұндай жазбалардың кесірінен борышкерлердің шоттары бұғатталып, шетелге шығуына шектеу қойылуы және оларға қатысты басқа да өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін екенін айтты.
"Сіздер адамды шақырасыздар ма? Ол қазір нотариус мәселені қарап жатқанын, осы атқарушылық жазбаның арқасында оның тағдыры шешіліп жатқанын біле ме? Ол қатысқан жоқ. Оның "Бұл алаяқтық несие, мен оны сотта даулаймын" деп дәлелдеуге, айтуға мүмкіндігі болмады. Сіздер оның сыртынан шешім шығарасыздар, ал ол бұл туралы тек факт орын алғаннан кейін ғана біледі", - деп толықтырды парламентарий.
Олег Полумордвинов нотариустар мен сот орындаушыларының жұмысын ажырата білу керек деп жауап берді.
"Нотариустар шоттарға тыйым салмайды, жүргізуші куәлігінен айырмайды, ақша шешіп алмайды. Бұл -сот орындаушыларының жұмысы. Иә, ол жұмыс нотариустардың қызметіне, соның ішінде жасалған атқарушылық жазбаларға негізделеді", - деді ол.
Палата төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта өндіріп алушы немесе кредитор нотариусқа белгіленген құжаттар пакетімен жүгінеді. Соңғысы оларды зерделеп, егер олар заң талаптарына сәйкес келсе, атқарушылық жазба шығарады. Осыдан кейін адамға келесі жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлама берілуі тиіс. Хабарлама әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде 1414 нөмірінен SMS арқылы келуі мүмкін. Осыдан кейін борышкердің негізделген қарсылық білдіруі үшін 10 жұмыс күні бар. Мұндай жағдайда нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоя алады. Олег Полумордвиновтің айтуынша, нотариустар борышкерлерден түскен қарсылықтар бойынша атқарушылық жазбалардың шамамен үштен бірінің күшін жояды.
Сондай-ақ ол 2019 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстанда 9 миллионнан астам атқарушылық жазба жасалғанын, бұл соттарды кем дегенде 1,5 миллион талап қою ісінен босатуға мүмкіндік бергенін мәлімдеді.
Бұл ретте Полумордвинов атқарушылық жазба моделін жетілдіру қажеттігін мойындады. Оның айтуынша, жұмыс топтарында басқа схема ұсынылған: алдымен борышкерге кредитордың өтініші туралы хабарлау, оған берешек бойынша құжаттарды жіберу және тек содан кейін, егер қарсылық түспесе, атқарушылық жазба шығару.
«Борышкерге мәселені кредитормен реттеуге немесе негізделген қарсылықтарды ұсынуға мүмкіндік беріледі. Тек осыдан кейін ғана, егер бұлардың ешқайсысы жасалмаса, атқарушылық жазба шығарылады», — деп толықтырды ол.
Палата төрағасының пікірінше, мұндай тәсіл теріс пайдалану қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Атқарушылық жазба қалай жұмыс істейді?
Нотариустың атқарушылық жазбасы - бұл берешекті өндіріп алудың соттан тыс механизмі. Өндіріп алушыға сотқа барудың қажеті жоқ: белгіленген құжаттар болған жағдайда нотариус атқарушылық жазба жасай алады, содан кейін ол сот орындаушыларына жіберіледі.
Іс жүзінде бұл механизмнің айналасында бұрыннан даулар жүріп жатыр. Бір жағынан, ол соттардың жүктемесін азайтып, даусыз қарыздарды тезірек өндіруге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, азаматтар өндіріп алу туралы тек атқарушылық жазба шығарылып, шоттар бұғатталуы мүмкін болғанда және қарыз сот орындаушыларына беріліп қойғанда ғана білетініне шағымданады.
2026 жылы атқарушылық жазба беру тәртібі түзетілді: 6 наурыздан бастап нотариус өндіріп алушыға атқарушылық жазбаны борышкерге көшірмесі тапсырылған күннен бастап 10 жұмыс күні өткеннен кейін, егер одан жазбаша қарсылық түспесе, беретін норма енгізілді. Бұған дейін Әділет министрлігі борышкер атқарушылық жазбаның көшірмесін алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде нотариусқа қарсылық жіберуге құқылы екенін, ал ол түскен кезде нотариус үш жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаның күшін жою туралы қаулы шығаратынын түсіндірген болатын.