Шығыс Қазақстанда асыл тұқымды ірі қара мал көбейіп жатыр

28 Желтоқсан 2018, 13:08
0
Шығыс Қазақстанда асыл тұқымды ірі қара мал көбейіп жатыр -

Жарма ауданындағы "Елена" шаруа қожалығы Ресейден асыл тұқымды ірі қара алып келді. Енді қожалық иесі байыс қойымен бірге қазақтың ақ бас сиырын өсіруді де жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Жарма ауданының Шуақ ауылының тұрғыны Елена Закимова - мал шаруашылығымен айналысатындардың бірі. Биыл Елена асыл тұқымды мал өсіруді қолға алып, қосымша қаржы тарту үшін "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалына хабарласқан. Жаңартылған "Сыбаға" бағдарламасына сәйкес шетелден асыл тұқымды ірі қара сатып алудың сәті түсті. Бірнеше қыстағы мен 3 мың гектар жайылым жері бар Елена өз бизнесін кеңейтуді мақсат етеді.

"Көршілес Көкпекті ауданында өткен фермерлер форумында мен қазақы ақбас сиырларды алғаш көрдім. Сол кезде осы ірі қараларды міндетті түрде сатып аламын деген ой келді. Мемлекет тарапынан шаруаларға үлкен көңіл бөлініп жатқаны да менің сенімімді арттыра түсті. Жазда "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан" несие алдым. "Сыбаға" бағдарламасының талаптары көңілге қонымды. Біріншіден, ірі көлемдегі несиені ұзақ уақытқа береді. Екіншіден, үстеме пайызы төмен. Несие жылына 14 пайызбен берілсе де, мемлекеттік субсидия арқылы үстеме 4 пайызға дейін азаяды", - дейді "Елена" шаруа қожалығының басшысы Елена Закимова.

29 миллион теңге көлемінде несие қаржысына қожалық Ресейдің Алтай өңірінен қазақтың 47 ақбас сиырын сатып алды. Бүгінде ірі қара мал Шуақ ауылына жеткізілген.

"Шығыс Қазақстан - етті ірі қараны өсіруге өте қолайлы аймақ. Енді келесі жылға үлкен жоспар құрып отырмыз. Мәселен, биыл "Сыбаға" бағдарламасы бойынша 45 несие беріп, 3 мың асыл тұқымды мал басын алуды қаржыландырдық. Жарма ауданында 4 жобаға қаржы құйылды, мұнда 234 ірі қара алынды. Жалпы алғанда, келесі жылы "Сыбаға" бағдарламасымен 20 000 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алуды көздеп отырмыз", - дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Данияр Үсіпбеков.

Айта кетейік, 2018 жылы облыста Қор арқылы "Сыбаға" бағдарламасымен несиелеудің жалпы көлемі 2,3 миллиард теңгеге жетті.

Шаруаларды қолдайтын "Сыбаға" бағдарламасы жаңа серіктестерді тартуды жалғастырады. Мемлекет тарапынан қарастырылған шаралар, оның ішінде жеңілдетілген несие шарттары, пайыздық мөлшерлемені төмендету үшін субсидиялар, сатып алынатын импортталатын малдың құнын төмендету, жас малды бордақылау алаңдарына берген кезде төленетін субсидиялар - мұның бәрі мал шаруашылығымен айналысамын деген шаруашылықтарға үлкен көмек болып, өз тиімділігін дәлелдеп жатыр. 

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай