18 маусым 2020 19:59

Шымкентте карантин мерзімі ұзарды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығы Фото: Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Шымкентте карантин мерзімі 6 шілдеге дейін ұзарды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығына сілтеме жасап.


Шымкентте карантин мерзімі 6 шілдеге дейін ұзарды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығына сілтеме жасап.

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың қатысуымен коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында брифинг өтті.

Онда басшы коронавирус инфекциясы өршуіне байланысты шаһарда карантин мерзімі ұзаратынын, кейбір шектеу шаралары енгізілетінін атап өтті.

​"Қалада шектеу шарасы 22 маусымға дейін еді. Алайда шектеу 6 шілдеге дейін созылып отыр. Одан бөлек, кейбір шектеу шаралары енгізіледі. Арнайы топпен қоғамдық көліктер мен қоғамдық орындарды аралап шықтық. Өкінішке қарай, сақтық шаралары дұрыс сақталмаған. Мұның бәрі қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне әкеліп соғады", - деді Ербол Садыр қалалық әкімдікте өткен жиналыста.

Осыған байланысты ол демалыс күндері қаланың күнделікті өміріне қажетті нысандардан басқа объектілер жұмысын тоқтатынын жеткізді.

"Яғни, сенбі, жексенбі күндері барлық азамат өз отбасымен үйлерінде отыруы керек. Егер біз осындай шараларды сақтамайтын болсақ, коронавирусты ауыздықтау мүмкін емес. 20-21 маусымнан бастап, қаладағы ойын-сауық орталықтары, ірі сауда орындары, базарлар, сауда үйлері мен орталықтары, фитнес орталықтары, бассейндер және спорттық нысандардың жұмысы тоқтатылады. Бірақ тек сенбі, жексенбі күндері", - деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Бірақ Ербол Садыр көпқабатты тұрғын үйлердің аумағындағы азық-түлік, жеке азық-түлік дүкендері және қаладағы "Жібек жолы", "Қазыбек" көтерме базарлары жұмысын істейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, қала әкімінің бірінші орынбасары қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы тоқтайтынын, тек қана ашық далада тамақтану орны бар және санитарлық нормаларды сақтаған орындар ғана өз жұмысын жалғастыратынын жеткізді.

Сондай-ақ, қоғамдық көліктер сенбі, жексенбі толық тоқтайды.

"Басқа күндері мерзіміне шектеулер енгізіліп, таңғы сағат 07:00-ден 11:00-ге дейін және түстен кейін 17:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін ғана жүреді. Ал 22 маусымнан бастап ХҚКО және Жұмыспен қамту орталығының жұмыстарына да шектеулер қойылады. Олар таңғы сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Оның өзінде онлайн көрсетілмейтін қызметтерді ғана іске асырады. Мұнда келетін азаматтар онлайн кезекке тұруы керек", - делінген хабарламада.

Халық көп жиналатын көшелер, арбаттар, скверлер, спорттық және балаларға арналған алаңшалар, туристік орындар, саябақтардың жұмысы тоқтайды.

Одан бөлек, қаладағы офисте, мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын кәсіпорындардың барлығына жұмысшылардың 80 пайызына дейін онлайн режимде жұмыс істеуге көшу туралы шешім қабылданды.

"Құрметті қала тұрғындары, мұның бәрі – сіздердің денсаулықтарыңызды сақтау үшін жасалынып жатқан шаралар. Сондықтан әрбір азамат өзінің денсаулығы, жақындарының амандығы үшін сақтануы керек. Егер сіздер тарапынан санитарлық нормалар сақталмаса, коронавирусты ауыздықтауымыз мүмкін емес. Салдарынан қаладағы шектеу шараларын бұдан да қатты күшейтуге мәжбүр боламыз", - деп түйіндеді сөзін Ербол Садыр.

Айта кетейік, Шымкентте коронавирус жұқтырғандар саны 1 185-ке жетті. 524 науқас дертінен айықты, 12 адам қайтыс болды. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети