19 мамыр 2022 09:56

Тағайындаулар, коронавирусқа бөлінген қаражат. 18 мамырда Қазақстанда және әлемде не болды?

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов Фото Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барады. Қазақстан коронавируспен күреске қанша қаражат жұмсады? Түркістандық тұрғын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырғаны расталды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.


Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барады. Қазақстан коронавируспен күреске қанша қаражат жұмсады? Түркістандық тұрғын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырғаны расталды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

Қазақстанда Батырхан Шүкеновтің құрметіне коллекциялық монеталар шығарылады 

18 мамырда Қазақстан Ұлттық банкі Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталарын айналымға шығарады. Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты қосымша ақпарат ҚҰБ-тың ресми сайтында жарияланатыны хабарланды.

18 мамырда дарынды композитор және әнші Батырхан Шүкеновтің туғанына 60 жыл толады. Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталары "Қазақстанды монеталар арқылы таны" атты жаңа серияны ашады.

Фото: ҚР ҰБ

43 мыңға жуық қазақстандық жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алды 

2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты 43 мың адамға әлеуметтік төлем төленді. Биыл 36,1 мың азаматқа төлем алғаш рет тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және кейінгі 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем қызметкер жоғалтқан табыстың 40 пайызына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жаңа АЕК: Қазақстанда айыппұл мен салық мөлшері өзгеріссіз қалады 

Қазақстанда айыппұл санкциялары мен салықтарды есептеу үшін жаңартылған АЕК мөлшері қолданылмайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді. Ведомство өкілдері сәуірде үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп 2022 жылға арналған есептік көрсеткіштерді нақтылау туралы шешім қабылдағанын еске салды. 

"Айыппұл санкциялары, салықтар және басқа да төлемдер үшінҚазақстан заңнамасына сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап белгіленген 3 063 теңге мөлшерінде АЕК қолданылады", - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазақстан коронавируспен күреске қанша қаражат жұмсады? 

ОКҚ брифингінде Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы 2020 жылы бюджеттен 252 миллиард теңге бөлінгенін білдірді. Министрдің сөзінше, оның 28 миллиарды дәрі-дәрмекке, қорғаныс құралдары мен медициналық техниканы сатып алуға жұмсалған. Сонымен қатар, дәрігерлерге 197 миллиард теңге үстемеақы төленді. Ал 2021 жылы пандемияға 556 миллиард теңге жұмсалған. Бұл қаражаттың 97 миллиарды вакциналар, шприцтер және коронавирус диагностикасы үшін жұмсалды. Дәрігерлердің үстемеақысы мен іссапарына 413 миллиард теңге бөлінді

Қазақстанда "стелс-омикронға" байланысты карантин жариялана ма? 

Денсаулық сақтау министрі Ажар Гиният "Коронавирустың жаңа "стелс-омикрон" штамына байланысты Қазақстанда карантин жариялана ма" деген сұраққа жауап берді. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы 12 аймақта коронавирустың "омикрон-штамының" бір түрі табылғанын еске салды. Министр ауруға мониторинг күн сайын жүргізілетінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда барлық карантин шаралары алып тасталған және алдағы уақытта болмайды

Түркістандық тұрғын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырғаны расталды 

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарына қарағанда, Конго-Қырым қызбасын жұқтырған әйел 46 жаста. Ол Түркістан облысы Бәйдібек ауданында тұрады. Әйел "Асқазан-ішек жолдарынан қан кету" диагнозымен облыстық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жүгінген. Сол күні науқас "КҚГҚ ықтимал жағдай" диагнозымен Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылған. Бүгін бұл диагноз расталды. Қазір науқастың жалпы жағдайы ауыр, бұл интоксикация мен геморрагиялық синдромға байланысты. Әйел оқшауланған және жансақтау бөлімінде жатыр.

Қазақстан мектептерінде бала құқығын қорғайтын QR-кодтар пайда болады 

Білім және ғылым министрлігі "Bala Qorgau" интернет-ресурсын іске қосты. Енді мектептерде жобаның QR-коды орнатылып жатыр. QR-кодты сканерлеу арқылы оқушылар "Bala Qorgau" сайтына өтіп, сұрақтарын қоя алады. Өтініш білдірушілердің аты-жөні жасырын болып қалады. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан мен Алматының бірнеше мектебінде QR-тақтайшалар орнатылды. Алдағы уақытта жоба басқа да білім беру ұйымдарында болады

Мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары тағайындалды 

Мемлекет басшысының өкімімен Аңсаған Скендерұлы Балтабеков Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметте болған Батырбек Байбосынов Мемлекет басшысының өкімімен қызметінен босатылды. 

Аида Балаева тағы бір қызметке тағайындалды 

Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева тағы бір қызметке тағайындалды. Балаева Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы болып тағайындалды

Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан гольф федерациясының басшысы болды 

Қазақстан гольф федерациясының бас хатшысы Ербол Бұхарбаев Федерация Президиумының отырысы шешімімен Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан гольф федерациясының президенті болып сайланғанын хабарлады. Федерацияның құрметті президенті ретінде Нұртай Әбіқаев тағайындалды. 

Еске салайық, 2019 жылғы желтоқсанда Иманғали Тасмағамбетов зейнет жасына толуына байланысты Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен босатылған еді.

Фото: Қазақстан гольф федерациясының баспасөз қызметі 

Президент Алматы әкіміне бірқатар тапсырма берді 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады. Мемлекет басшысына Алматы қаласының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы экономикалық жағдайы туралы есеп берілді. Осы кезеңде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6 пайызға дейін көтерілген. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі 21,3 пайызға жеткен. Қаңтар оқиғасынан кейінгі қала экономикасының өсу қарқыны екінші жартыжылдықтың басында толық қалпына келеді деп болжанып отыр. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.

Фото: Ақорда

Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті

Қырғызстан президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтап, оған зор денсаулық және Қазақстан халқының игілігі жолындағы аса жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Әңгімелесу барысында қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігінің даму перспективалары талқыланды. Осы ретте Қазақстан Президентінің Қырғызстанға жоспарланған ресми сапарына ерекше назар аударылды. Президенттер алдағы уақытта өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздердің екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Фото: Ақорда

Ресей чемпионы киіміндегі Z әрпі үшін медаль мен сыйақыдан айырылды 

Халықаралық гимнастика федерациясы қоссырақ жарысының жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне кеудесіне Z әрпін жабыстырып келген ресейлік гимнаст Иван Кулякті бір жылға спорттан шеттетті. Федерацияның тәртіптік комиссиясы 20 жастағы спортшы Халықаралық гимнастика федерациясының жарғысын, оның тәртіптік және этикалық кодекстерін, сондай-ақ техникалық регламенттерді бұзды деген қорытындыға келген. Куляк қола жүлдені және 500 швейцариялық франк көлеміндегі ақшалай сыйлықты қайтарып, 2 мың франк көлеміндегі сот шығындарын төлеуі керек. Оқиға биыл наурызда көркем гимнастикадан Дохада өткен әлем кубогы кезеңінде болған. Сол кезде спорттық гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы Ресей чемпионы параллель қоссырақтан қола жүлде жеңіп алған.

Байденнің Twitter-дегі оқырмандарының жартысы фейк болып шықты 

SparkToro компаниясының аудит нәтижесі бойынша, АҚШ президенті Джо Байденнің Twitter-дегі оқырмандарының 49,3 пайызы фейк болып шықты. SparkToro құралы арқылы Джо Байденнің 22 миллион оқырманының жартысына жуығының мекенжайы мен суреті дұрыс болмағандықтан, бұл парақшалар жалған екені анықталған. Айта кетейік, 15 мамырда АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп Twitter-ге енді ешқашан оралмайтынын, TRUTH Social атты жеке әлеуметтік желісін ашатынын мәлімдеген болатын

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети