Банкир Ержан Тәтішевтің отбасы Жамбыл облыстық сотының Мұхтар Әблязовқа қатысты шығарған үкіміне пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Банкир Ержан Тәтішевтің отбасы Жамбыл облыстық сотының Мұхтар Әблязовқа қатысты шығарған үкіміне пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еске салайық, кеше, 27 қарашада Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ержан Тәтішевтің өлімін ұйымдастырды деп айыпталған Мұхтар Әблязовке қатысты сот үкімі шыққан болатын. Соттың үкімімен Әблязов өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
"Біз Мұхтар Əблязовтың ағамыз Ержанды қастандықпен өлтіргені үшін айыпты деп таныған Жамбыл облыстық сотының шешімін құптаймыз. Рас, біз Ержанмен енді қайтып қауыша алмаймыз. Оны сағынамыз, оның арамыздан кеткеніне өзегіміз өртене қайғырамыз. Алайда еліміздің сот қызметтерінің тынымсыз жұмыс атқарып, əр істің əділ төрелігін айтатынын көңілімізге медет тұтамыз. Жəне əділ сот органдарының барлық айыптыларды жауапқа тартып, тиісті жазаға кесетініне сенеміз. Біз қанішер қаскөйдің қолынан қапыда қаза тапқан ағамыздың бейнесін мəңгі жүрегімізде сақтаймыз", - делінген мәлімдемеде.
Кейінірек судья Кенжеғали Кенжебеков Әблязовқа қатысты шыққан үкімге пікір білдірген болатын. "Сот жеткілікті көлем дәлелдер келтірілгендіктен Әблязовтің Тәтішевтің өлімін ұйымдастырудағы кінәсі дәлелденді деген шешімге келді. Сотталған Тоқмәди осыған дейін қылмысты Әблязовпен бірге ұйымдастырғандарын және Әблязовтың оған ақшалай сыйақы мен алдағы уақытта бизнесіне қолдау көрсетуге уәде бергенін айтқан болатын", - деп түсіндірген еді судья.
Банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты іс Таразда қаралған болатын. Барлық сот отырысы Мұхтар Әблязовтің қатысуынсыз өткен еді. Сот 12 қазанда басталды. Осы уақытқа дейін шамамен 60 куәгерден жауап алынды. Сотқа ҰҚК экс-басшысы Нартай Дүтбаев пен сотталған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди де жеткізілген болатын.