Астана LRT пойыздары тек туристер мен елорда қонақтарына арналған көлікке айналып кетпей ме? Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Демалыс күндері үлкен дүрбелең болды. Кеше жолаушылар ағыны едәуір азайды. Осы құлдырау жалғасып, LRT тек туристер мен қонақтарға арналған көлік болып қалмай ма?", - деп сұрады министрден үкіметте өткен брифингте.
Сауранбаев қазір LRT-ның екінші кезегі Қосшы бағытындағы құрылыс жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл жолаушылар ағынына оң әсер етуі тиіс.
"Қосшы жаққа барсаңыздар, жұмыстың қызу жүріп жатқанын көресіздер. Қазірдің өзінде тіреулерін орнатып жатыр. Сондықтан дамудың алғашқы кезеңі Қосшы бағытында болады. Қосшы қазір қарқынды дамып келеді, халық саны көп. Қосшы қосылған кезде сол жақтан күн сайын келетін 50 мыңға жуық көлік азаяды. Сол себепті бұл бағыттағы даму жалғасады деп ойлаймын", - деді Нұрлан Сауранбаев.
Оның айтуынша, Астана LRT-ның бірінші кезегі де сұранысқа ие болады, өйткені жолаушылар бір реттік билеттерді ғана емес, жол жүру карталарын да сатып алып жатыр.
"Жалпы қазір адамдар көп жүреді, билет қана емес, абонементтер де сатып алып жатыр. Бұл аталған көлік түріне деген сұранысты көрсетеді. Ал жоба одан әрі дамығанда... Бұл бірінші кезеңі ғана. Кейін Қосшыға, одан соң оң жағалауға ұзартылып, жобалау жұмыстары аяқталған кезде, бұл көлік түрі қала бойынша ең қажет көліктердің біріне айналады деп ойлаймын", - деп толықтырды Нұрлан Сауранбаев.
Астанада LRT іске қосылды
Сенбі, 16 мамырда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жұмысын іске қосты. Мемлекет басшысы алғашқы жолаушы ретінде "Әуежай" бекетінен "Ұлттық музей" бекетіне дейін барды.
LRT-ның әр құрамы 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға есептелген. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде пилотсыз режимде 15 пойыз (4-еуі резервте болады) қатынайды.
Астаналықтар да жаңа қоғамдық көлікпен жүріп үлгерді. LRT жұмысының алғашқы күні кейбір тұрғындар бекеттерге ұлттық киіммен келіп, ерекше атмосфера болды. Вагондарда жолаушылар әнұран шырқап, шашу шашып, қуанышты көңіл-күйлерін бөлісті.
Төтенше тоқтау да болмай қойған жоқ. CTS өкілдері мұны кейбір жолаушылардың тәртіп бұзуымен түсіндірді: адамдар қажеттіліксіз шұғыл тежеу түймесін басып немесе пойыз есіктерінің арасына қолдарын сұққан, бұл жүйенің жұмысын тежеген.
Оператор мәліметінше, алғашқы күндері LRT жолаушылар ағыны жобалық өткізу қабілетінен асып түскен. Тек жексенбінің өзінде жаңа көлік түрін 100 мыңға жуық адам пайдаланған.
Бұған дейін CTS басшысы Асылбек Дүйсебаев LRT-ны оң жағалауға, ескі вокзалға дейін ұзарту жоспарланғанын хабарлаған болатын. Қазіргі уақытта компания қаржыландыру көзін іздестіріп жатыр.