ҚР СІМ Тигран Кеосаянның даулы мәлімдемесіне жауап берді. Мәлік Отарбаев Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. Путин Украинадағы соғысқа араласқандарға шұғыл түрде соққы жасалатынын мәлімдеді. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.
ҚР СІМ Тигран Кеосаянның даулы мәлімдемесіне жауап берді. Мәлік Отарбаев Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. Путин Украинадағы соғысқа араласқандарға шұғыл түрде соққы жасалатынын мәлімдеді. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.
"Сергекте" жаңа функция қосылды: Алматыда бір тәулікте 12 миллион теңге айыппұл жазылған
"Сергек" жүйесіндегі жаңа функция іске қосылды. Жаңа "Қорғау Сергек" бағдарламасы жалған нөмірлі көліктерді анықтайды. Сондай-ақ, мас күйінде көлікті басқаратын адамдарды жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Мысалы, кейінгі тәуліктің өзінде "Қорғау Сергек" бағдарламасы арқылы жалған нөмірмен жүрген 11 автокөлік анықталған. Олар бір тәулікте 790 рет ереже бұзған. Жалпы, 12 миллион 680 теңге айыппұл салынған.
Қазақстанда пайдаланылмай жатқан жерлер спутник арқылы анықталады
2022 жылғы 3 қаңтарда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойылған. Ол пайдаланылмаған аумақтарды анықтау және алу процедурасын айтарлықтай жеңілдетеді. Осылайша, ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқартылған, бұл ретте нұсқама мерзімі аяқталғаннан кейін бақылау тексерісін жүргізу талап етілмейді және заңбұзушылықтар жойылмаған жағдайда сотқа жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап жолданады. Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау тетігі космомониторинг арқылы енгізіліп жатыр.
Көлік сақтандыру полистерінің құны қайта қаралады
Қазақстанда көлік сақтандыру полистерінің құны әр өңірдегі жол апатының санына байланысты болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дания Еспаева айтты. Норма Мәжіліс екінші оқылымда мақұлдаған сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасына енді. Барлық автокөлік иесі сақтандыру полистерін сатып алады. Заңға кейінгі өзгерістер 2007 жылы жасалды. Жыл сайын сақтандыру полисінің сомасы тек АЕК-ке байланысты болады. Қазір заң жобасына сәйкес, жаңа өзгерістер енгізіледі.
Ұлттық банк басшысы базалық мөлшерлеме неге өскенін түсіндірді
ҚҰБ төрағасы Пірматовтың айтуынша, қазіргі жағдайда инфляцияның өсу үрдісін кері қайтару үшін базалық мөлшерлемені арттыру қажет. Бұл ретте базалық мөлшерлеменің деңгейіне қатысты шешім теңдестірілген және бұл шешім оның экономикалық белсенділікке әсерін ескере отырып қабылданады. Оның сөзінше, несиелендіру көлемінің өсуіне қарап экономикалық белсенділікті бағалауға болады. Мәселен, бірінші тоқсанда экономикаға берілген жаңа кредиттердің көлемі 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,3 пайызға ұлғайған, оның ішінде бизнеске - 19,6 пайыз, халыққа - 32,5 пайыз. Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған бұл шешім теңгедегі активтердің тартымдылығын арттырады. Бұл өз кезегінде халықтың райын тұтынушыдан жинақтауға қайта теңдестіруге мүмкіндік береді.
Мәлік Отарбаев Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды
Мемлекет басшысының өкімімен Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Мәлік Отарбаев 2018 жылы қарашада Түркістан облысы әкімінің жаңа орынбасары болып тағайындалған.
Фото: ontustik.gov.kz
Тоқаев "Атамекен" ҰҚП-ны реформалау жұмыстарын жандандыруды тапсырды
Президент "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталовты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ҰКП-ны трансформациялау жолдары туралы айтылды. Райымбек Баталов биылғы ақпанда өткен Кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс съезінде микро және шағын бизнесті қолдауға мән беріп, мекеменің қызметін трансформациялау туралы шешім қабылданғаны туралы айтты. Сондай-ақ, "Атамекен" басшысы Алматыда шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді. Мемлекет басшысына салалық сараптаманың сапасы мен жауапкершілігін арттыру үшін бизнесті жұмылдыру жөніндегі ҰКП-ның жоспары таныстырылды. Палата мемлекеттік органдардың бағдарламалық құжаттары мен бұйрықтарына қатысты жобаларды бизнеспен бірге талқылап, апробациядан өткізуге ниетті. Бұл мемлекет пен бизнестің өзара конструктивті ықпалдастығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Фото: Ақорда
Тоқаев ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнының бір жылда атқарған жұмыстары мен алдағы даму жоспары таныстырылды. Сондай-ақ, ректор Мемлекет басшысына білім беру үдерісі, ғылыми-зерттеу жұмыстары және университеттің халықаралық жетістіктері туралы баяндады. Кездесу барысында Жансейіт Түймебаев Президентке ғылыми жобалардың тиімділігі мен кадрлардың әлеуетін арттыру және оқу ордасының 90 жылдығы қарсаңында ҚазҰУ қалашығын қайта жаңғырту жөніндегі ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, 2024 жылға қарай университет еліміздің ғылыми-техникалық дамуының перспективті деген бағыттары бойынша 650-ден аса ғылыми жобаны қолға алады. Ректор ғылыми жобалардың нәтижелерін экономиканың нақты секторына айналдыру 20-ға жуық спин-офф компанияларын құру арқылы жүзеге асырылатынын айтты.
Фото: Ақорда
Әлия Назарбаева Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы президиумының басшысы қызметінен кетті
Ақпаратты Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьева растады. Оның сөзінше, Әлия Назарбаева қаңтардың аяғында жұмыстан кеткен. Ал 4 ақпанда қауымдастық мүшелерінің жалпы жиналысы өткен. Еске салайық, Әлия Назарбаева 2017 жылдың қарашасында Экологиялық ұйымдар қауымдастығы президиумы басшысы болған еді. Ассоциацияның қамқоршылық кеңесін жасыл экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Рай Квон Чунг таныстырған болатын.
ҚР СІМ Тигран Кеосаянның даулы мәлімдемесіне жауап берді
Сыртқы істер министрлігі ресейлік журналист Тигран Кеосаянның Қазақстан туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Ресей журналисі Тигран Кеосаянның қорлау және мәні біржақты сөзі назарға ілінгенін жеткізді. Сыртқы істер министрлігі мұндай сөздер "тату көршілік қарым-қатынас атмосферасын улап, стратегиялық серіктестік қарсыластарына көмек болады" деп санайды. Смадияровтың сөзінше, Тигран Кеосаян Қазақстанға кіруге рұқсат етілмеген тұлғалар тізіміне кіруі мүмкін.
Mad Men тобының мүшелері сотталды
Қазақстандық танымал Mad Men тобының мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты. Тыңдаулар қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтті. Сот үкімімен Х. қылмыстық топты құрып, басшылық етіп, психотроптық заттардың заңсыз аналогын дайындап, сақтағаны үшін кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Топтың қалған мүшелері психотроптық заттардың заңсыз аналогын дайындап, сақтағаны үшін, қылмыстық топ мүшесі болғаны үшін кінәлі деп танылды. Үшеуі 16 жылға бас бостандығынан айырылды, қалғаны 15 жыл 3 ай мерзімге қамалды. Жазаны жеңілдету үшін қылмыскерлердің жасы, бұрын істі болмағаны ескерілді. Одан бөлек, күдікті С. кінәсін мойындағаны үшін жаза жеңілдетілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Путин Украинадағы соғысқа араласқандарға шұғыл түрде соққы жасалатынын мәлімдеді
Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа араласқандарға шұғыл түрде соққы жасалатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол сәрсенбі, 27 сәуірде Санкт-Петербургте ресейлік парламентарийлер алдында сөйлеген сөзінде айтты. Ол "Ресей Донбасс пен Украинадағы арнайы операцияға қатысты қойған барлық тапсырма орындалатынын" атап өтті. Путиннің сөзінше, Ресей оған қарсы салынған санкциялар мен соғысқа жұмсалатын әскери шығындардың экономикалық қысымына төтеп бере алады. Путин Батыс елдері "Ресейді тығырыққа тіремек болғанын", бірақ олардың бұл ойы орындалмай, экономикалық соғысқа дайындық бастағанын қосты.
Қырғызстанда Бас прокуратура президентті жауап алуға шақырды
Садыр Жапаров Қырғызстан Бас прокуратурасына шақырылды. Мемлекет басшысы 2010 жылғы маусымдағы оқиғаға қатысты іс бойынша куәгер ретінде жауап берген. Еске салайық, осыған дейін дәл осы іс бойынша Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысынан жауап алынған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!