Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі университеттердің біріне көрнекті ғалым Төрегелді Шармановтың есімін беруді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы салалық жоғары оқу орындарына көрнекті медицина қайраткерлерінің есімін беру туралы бастаманы құптады.
"Маңдайалды отандық жоғары мектептердің бірі ретінде танылған "Астана медицина университеті" цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицинаны табысты дамытып келеді. Үкімет аталған оқу орнының айқын жетістіктерін ескеріп, ол ең жоғары – Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық деп санайды. Бұл ұсынысты қолдаймын.
Сонымен қатар астаналық университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін салушы, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды болар еді. Мұның символдық мәні де зор", - деді Президент.
Одан бөлек Президент Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар бойы басқарған Петр Моисеевич Поспеловтің атын беру туралы Үкімет пен медициналық қоғамдастықтың бастамасын қолдайтынын жеткізді.
"Белгілі Қарағанды медицина мектебінің бастауында тұрған әйгілі тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешімнің қабылдануы – тарихи әділеттілік", - деді Президент.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтаған болатын.
Сондай-ақ Тоқаев жалпыұлттық референдумға белсенді қатысқан медицина мамандарына ризашылығын білдірді.
Одан бөлек, Президент Қазақстанда ана өлімі ең төменгі көрсеткішке дейін азайғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Тоқаев Қазақстанда медқызметкерлердің жалақысын көтеру үшін қазынадан 33 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!