Қаланың цифрлық сыңары, Оңтүстік Корея тәжірибесіне негізделген ақылды аудан, токенизация жобалары және қалалық әуе мобильділігі. Алатау қаласы кеңесінің отырысында Alatau City-ді дамытудың жаңа мәліметтері таныстырылып, қаланы басқару жүйесі бекітілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтті. Қатысушылар "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Конституциялық заңын жүзеге асыру және жаңа қаланы одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Қаланың цифрлық сыңары және 330 гектарлық аудан
Негізгі бағыттардың бірі Alatau AI-Driven City жобасы болмақ. Ол қаланың цифрлық сыңарын жасауды, сондай-ақ қалалық процестерді нақты уақыт режимінде басқару үшін Big Data мен жасанды интеллектіні енгізуді көздейді.
K-Smart City жобасы пилоттық аясында аумағы 330 гектар болатын өзін-өзі қамтамасыз ететін аудан құру жоспарланған. Оның құрылысында Оңтүстік Кореяның тәжірибесі бойынша озық смарт-технологиялар қолданылмақ.
Тағы бір бағыт - Alatau Crypto City. Жоба токенизация және қаланың Web3-экожүйесін қалыптастыруды қарастырады. 2026 жылдың аяғына дейін токенизациялау бойынша алғашқы жобаларды іске қосу, резиденттерді тарту және виртуалды әрі нақты экономиканы біріктіретін бірыңғай кеңістік қалыптастыру жоспарланып отыр.
Екі триллион теңгеге 53 жоба
Alatau City Authority деректері бойынша, 2 триллион теңге сомасына 53 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. 51 мың жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
Негізгі жобалардың қатарында құны бір миллиард доллардан асатын Iconic Complex, PepsiCo, Mars, Hyundai Green Food өндірістері, Khan Tengri Biopharma биофармацевтикалық зауыты және KAIST университетінің кампусын салу жобасы бар.
Сондай-ақ AutoFlight пен Joby компанияларымен бірлескен қалалық әуе мобильдігі жобалары қарастырылып жатыр.
Қаланы кім басқарады?
Отырыста Alatau City Authority туралы ереже бекітілді, ол ұйымның құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және басқару жүйесін айқындайды.
Осыған сәйкес, Alatau City Authority мемлекеттік қоры басқарманың арнайы ұйымы – Алатау қаласының жұмыс істеуі мен дамуына жауапты мемлекеттік орган болып қайта құрылады.
Сонымен қатар, Жедел комитет пен Реттеуші комиссия құру туралы шешім қабылданды. Біріншісі уақытылы шешім қабылдауды қажет ететін мәселелермен айналысады. Екіншісі нормативтік құқықтық актілерді бекітеді, сондай-ақ арнайы құқықтық режим шеңберінде озық халықаралық практикаларды енгізеді.
Алатау қаласы әкімдігінің жанынан Жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссия құрылады. Комиссияның міндеттеріне қаланың мастер-жоспары бекітілгенге дейін басым инвестициялық жобаларды сүйемелдеу де кіреді.
2040 және 2055 жылдарға дейінгі жоспарлар
Қазіргі уақытта қаланың нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру, стратегиялық құжаттарды әзірлеу, мемлекеттік басқарудың заманауи жүйесін құру, инвестициялар тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жыл аяғына дейін Қаланы дамытудың 2055 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарын, жетекші халықаралық консалтингтік ARUP және BCG компанияларын тарта отырып, 2040 жылға дейінгі Даму стратегиясы мен Мастер-жоспарды әзірлеуді аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, қазіргі бар елді мекендердің елді мекендердің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасып жатыр. Жұмыстар Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір және Жаңаталап шағынаудандарын қамтиды.
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі
Бектенов арнаулы құқықтық режим Alatau City-ді экономикалық дамудың драйверлерінің біріне айналдыруға көмектесуі тиіс екенін атап өтті.
"Алатау қаласы кеңестің негізгі міндеті – арнаулы құқықтық режимді уақтылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз ету", - деді премьер-министр.
Отырыс қорытындысы бойынша ол мемлекеттік органдарға және Alatau City Authority-ге қаланы дамытудың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды.