Ақтөбелік түлек Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын күні қаладағы ықшамаудандардың бірінше болған атыс жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақтөбелік түлек Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын күні қаладағы ықшамаудандардың бірінше болған атыс жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақтөбе тұрғыны Луиза Жалмұханова тілшілерге ҰБТ тапсыру алдында қалада қауырт жағдай болып жатқанына қарамастан, қорқынышы жоқтығын айтты. Қыздың айтуынша, ол "Нұр Сити" ықшамауданындағы атыстың куәгері болған. Оқиға кеше таңғы сағат алты шамасында болыпты.
"Әрине, қорқыныш болды. Оның үстіне жараланғандардың саны көп деді, ауруханада науқастар жатыр деді. ҰБТ-ға уайымдамасам да, солар үшін уайымдадым. Мен атысты өз көзіммен көрдім. Ақтөбе сити ("Нұр Сити" ықшамауданы - Авт.) ауданында. Бұл жаңа салынған үйлер. Атыс болды, әскерилерді көрдік, барлығын. Қазір барлығы жақсы, ешқандай үрей жоқ", - деді де түлек ҰБТ тапсыру үшін аудиторияға кіріп кетті.
Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ақтөбеде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін күнді екі пунктте 6 маусымнан 7 маусымға өзгерту туралы шешім қабылдаған болатын. "Бұл өзгеріс Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіндегі № 835 пункті мен Байышев атындағы Ақтөбе университетіндегі № 715 пунктке ғана қатысты. Қалған пункттерде ҰБТ өзгеріссіз өткізіледі", - деп түсіндірген еді министрліктегілер.
Еске салайық, 5 маусымда Ақтөбенің бірнеше ауданында атыс болған еді. ҚР ІІМ өкілдері белгісіздердің "Паллада" қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны жайлы хабар келіп түскенін хабарлады. Сонымен қатар тағы бір қару-жарақ дүкеніне және Ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуыл жасалғаны белгілі болды. Арнайы операция кезінде "Паллада" дүкенінің сатушысы қаза тапты және бір адам жарақат алған. Қаза тапқандардың саны - 17. Айта кетейік, оқиғаның хронологиясын мына жерден оқи аласыздар.