ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдерінің дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жайлы баяндамасын тыңдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.
ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдерінің дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жайлы баяндамасын тыңдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.
"Үкіметтің кезекті отырысын бастамас бұрын қатты дауылдан зардап шеккен оңтүстік өңірлердегі, әсіресе, Жамбыл облысындағы төтенше жағдайға тоқталғым келіп отыр. Табиғи апаттан инфрақұрылым нысандарына зақым келіп, бірнеше аудан жарықсыз қалды. Қатты жел ғимараттар мен үйлердің шатырларын жұлып әкетті. Мен облыс әкімдері мен тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына шұғыл тапсырма берген болатынмын. Сондай-ақ, осы мәселені Асқар Ұзақбайұлына бақылауға алуды тапсырғанмын. Кәрім Нәсбекұлы, қалпына келтіру бойынша қандай жұмыстар атқарылды, баяндаңыз", - деп сұрады Бақытжан Сағынтаев.
"Табиғи апаттан Тараз қаласындағы және облыстың бес ауданындағы нысандар зардап шекті. Барлығы 1 754 нысан зардап шекті, оның ішінде 454 нысанның шатырының 70 пайызы зақымданды. 53 мың абонент электр желісінен ажырап қалды, бес елді мекенде газ беру тоқтады. Шұғыл түрде ТЖ салдарын жою шараларын қабылдадық, азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарын жоғары әзірлікке көшірдік, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын күшейттік. Шұғыл жұмыстар нәтижесінде сол күні, 3 қарашада газ беру қалпына келтірілді, 4 қарашада халыққа жылу беру жалғастырылды, 6 қарашада ауылдық елді мекендерде электр желісін беру қалпына келтірілді. Бүгінде Таразда жекеменшік тұрғын үй секторындағы 351 абонентке жарық беру жұмыстары жалғасып жатыр. 36 азамат медициналық көмекке жүгінді, оның 4-уі ауруханаға жатқызылды. Тараз қаласында, Байзақ, Мойынқұм және Шу аудандарында жергілікті маңызға ие ТЖ режімі енгізілді", - деп хабарлады Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Өз кезегінде, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев облыста қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Еске салайық, 3 қараша күні Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында екпіні секундына 30 метр жылдамдыққа жеткен қатты жел тұрып, соның салдарынан Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Шу аудандары зардап шеккен болатын.