2026 жылы әлемдік кассада 1 миллиард долларлық межені бағындырған алғашқы фильм белгілі болды, деп хабарлайды Tengri Life.
Бұл туралы бірқатар БАҚ, соның ішінде Variety басылымы жазды.
Illumination, Nintendo және Universal студиялары бірлесіп шығарған "Супер Марио: Галактикалық кино" анимациялық фильмі 2026 жылғы әлемдік прокатта 1 миллиард доллар жинаған алғашқы туынды атанды. Фильм бұл нәтижеге көрсетілімнің оныншы аптасында қол жеткізді.
Жобаның бюджеті шамамен 110 миллион долларды құраған. Орасан зор кассалық түсімді ескерсек, бұл мультфильм биылғы жылдың ең табысты жобаларының біріне айналды.
Жаңа фильм жарыққа шыққаннан кейін Super Mario жобаларының жалпы кассалық түсімі 2 миллиард доллардан асты.
БАҚ мәліметтері бойынша, франшиза кассалық түсім көлемі жағынан тоғызыншы орынға тұрақтап, әлемдегі ең ірі он анимациялық топтаманың қатарына енді.
Сиквелде Марио, Луиджи, ханшайым Пич пен Тоадтың жаңа шытырман оқиғалары баяндалады. Кейіпкерлерді Крис Пратт, Бри Ларсон, Джек Блэк және басқа да танымал актерлер дыбыстаған.
"Супер Марио"
Бұл — Nintendo компаниясының аттас видеоойындар сериясына негізделген танымал медиафраншизасы. Оның басты кейіпкері Марио — інісі Луиджимен бірге Саңырауқұлақ патшалығын сан мәрте құтқарып жүрген су құбыршысы.
Ондаған жылдар ішінде франшиза кеңейіп, көптеген ойындарды, мультсериалдарды, комикстер мен толықметражды фильмдерді қамтыды.
Тағы оқыңыз: "10 жылдан кейін". Желіде жаңа "Мұз дәуірі" фильмінің алғашқы кадрлары пайда болды