Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов теңге бағамының қазіргі жағдайына қатысты пікірін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов теңге бағамының қазіргі жағдайына қатысты пікірін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2015 жылдың тамызында Қазақстан теңге бағамының еркін ауытқуына өткен болатын. Бұл өтінішті жасағандардың арасында осы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да бар. Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатынан кейін Мырзахметов Tengrinews.kz тілшісінің "Теңгенің қазіргі жағдайына көңілдеріңіз тола ма?" деген сұрағына былай деп жауап қатты: "Шынымды айтсам, сарапшылардан көп естиміз. Бұл бастаманың Ұлттық палатаныкі екені жайлы әрдайым айтылады. Экономикалық заң бар. Ол күшін жойған жоқ. Барлық елге қарап көріңіздер, біріншісі бір жыл бұрын Ресей болды, сосын Әзірбайжан, Түрікменстан. Экономикасы, бюджеті экспорт позицияларына, бірінші кезекте мұнай-газ секторына тәуелді көрші елдердің барлығы өз валюталарын девальвацияға ұшыратуға мәжбүр болды. Сондықтан бұл кәсіпкерлер палатасының бастамасы немесе қалауы емес. (...) Сондықтан экспорт бағаларының құлдырауы мен өз валютасының әлсіреуі жағдайында экономиканы құтқарып қалудың жолын білетін сарапшыларды Нобель сыйлығына ұсынуға шақырамын. Егер осындай сарапшылар болса. Әлем түгелдей осыдан өтті - бұл дәстүрлі заң. Сондықтан палата экономикада қалыптасқан жағдайды сипаттап қана берді. Меніңше, біз тіпті кешігіп қалдық. Жыл басынан бері басталған девальвациялар, егер депозиттерді қарасаңыздар, Ресейдегі оқиғадан кейін барлық жеке тұлғалар, контрагенттер әлсіреудің болатынын түсінді және валютаны ауыстыра бастады, сосын ол ұзаққа созылды. Бұл тенденция сақталып отыр".
Айта кетейік, Ақордадағы кеңейтілген жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев теңгенің еркін ауытқу бағамына кімнің өтініші бойынша өткенімізді айта келіп, былай деген еді: "Үкімет пен Ұлттық банк бұл шешімді экспортшылардың, "Атамекен" Ұлттық палатасының, еліміздің шағын және орта бизнесінің өтініші бойынша жасады".
Мырзахметов тілшілердің сұрағына жауап беруі кезінде теңгенің қазіргі бағамының күтілгенін айтты.
"Бүгінде қазіргі бағамның мұнай бағасына байланысты екенін түсінуге болады. Оның ішінде рубль бағамын бақылап отырмыз, олар да еркін ауытқу бағамы саясатына өтті. Болжамымыздың бәрі дәл келді. Бәрі түсінікті - біз құлдыраудың түбін түсініп отырмыз. Бәрі түсініп отыр, жалпы бағыт бар. Осы бағам күтілген еді. Жарты жыл бойы бейімделу жүреді, қалыпты болады дей алмаймын, шок болады. Ешкім оңай өмір уәде еткен жоқ. Бәрі де дағдарыстың болатынын айтып отыр. Ол орташа мерзімді болады. Бұған көңіліміз толды немесе толмады деп айта алмаймыз. Біз оны орындауымыз керек, әйтпесе экономикамызды жоғалтып аламыз", - деді ол.
"Девальвация экспорт салаларына өз-өздерін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, бірақ девальвацияның теріс жақтары да бар - бағаның өсуі. (...) Біздің экономикамыз Ресейдікіне қарағанда импортқа тәуелді болып шықты. (...) Біз, өкінішке қарай, түбіне әлі де жеткен жоқпыз (...). Бірақ бұл мәселе алдағы айларда шешіледі. Баға өсті, қиындық туып отыр, бизнеске де. Бұл - импортты отандық тауармен ауыстыру саясатына көшуге белгі", - деді ол.
Айта кетейік, бүгін KASE қор нарығының таңғы сессиясында доллар бағамы 366,16 теңгеге тең болды. 2016 жылдың 14 қаңтарындағы таңғы сессия 366,18 теңгемен басталды. Саудада ең төменгі баға 363 теңге, жоғарысы 369,9 теңге болды. Сауда көлемі 41,5 миллион доллардан асты. Kurs.kz порталының мәліметінше, доллар ақша айырбастау орындарында 365,5 - 367 теңге аралығында сатылып жатыр.
Еске сала кетейік, доллар 30 желтоқсаннан бері тоқтаусыз өсіп, кеше қайтадан арзандай бастаған еді. 13 желтоқсан күні таңғы сессия 366,54 теңгемен жабылса, күндізгі сессия кезінде бағам 363,8 теңгеге дейін түсті.