1. Басты
  2. Біл
  3. Мәдениет
  4. Әуен

Астана әкімдігінің өкілдері Open Air кезінде болған жаппай қысылудың себебін айтты02 маусым 2016, 18:04

© Тұрар Қазанғапов © Тұрар Қазанғапов

Астана әкімдігінің өкілдері "Болашақтың энергиясы" Open Air кезінде болған жаппай қысылудың шараның өтуіне әсер етпегенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Айта кетейік, жаппай қысылу кезінде 15 шақты адам зардап шеккен болатын.

"Астана Арена стадионында 1 маусым күні кешке тегін өткізілген "Болашақтың энергиясы" Open Air концерті кезінде көрермендердің көп болуынан жаппай қысылу пайда болды. Салдарынан 15 адам сол жерде кезекшілікте жүрген жедел жәрдем қызметкерлерінің көмегіне жүгінді", - деді әкімдік өкілдері.

Олардың айтуынша, дәрігерге келгендердің ешқайсысы ауыр жарақат алмаған, сонымен қатар, оларды ауруханаға апару қажеттілігі туындамапты.

"Көрермендердің сахнаға жақын болғысы келуінен коцерттің басында пайда болған жаппай қысылу шараның өтуіне әсер еткен жоқ. Ашық аспан астында өткізілген концерт шамамен 6 сағатқа созылды", - деді әкімдік өкілдері.

Айта кетейік, "Болашақтың энергиясы" Open Air концерті елорда қонақтары мен тұрғындары үшін мәдени шара өткізу мақсатында ұйымдастырылды.

"Концертті кез келген адам көре алуы үшін оны ашық аспан астында, Астана Арена стадионында өткізу туралы шешім қабылданды. (...) EXPO-2017 логотипі халықаралық көрмені қолдау мақсатында қолданылды. Концертте көрменің логотипінен басқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған белгі де пайдаланылды", - деді әкімдіктегілер.

ІІД мәліметінше, шараға 30 мыңға жуық адам келген.