Алматы әуежайы акцияларының 15 пайызына иелік ететін Kazakhstan Infrastructure Fund C.V. қоры жобадан шығуға дайындалып жатыр. Qazaqstan Investment Corporation Tengri Travel тілшісіне мұндай шешімнің не себепті қабылданғанын және ықтимал мәміле туралы не белгілі екенін айтып берді.
Қор жобаға қалай келді?
QIC әуежайға инвестиция 2021 жылы салынғанын еске салды.
"Қоғам - Kazakhstan Infrastructure Fund C.V. тікелей инвестициялар қорының инвесторы, ол арқылы 2021 жылдың сәуір айында Жобаға 30 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция бағытталды, бұл капиталдағы 15 пайыздық үлеске сәйкес келеді", - деп хабарлады акционерлік қоғам біздің сауалымызға берген жауабында.
Компания қазіргі уақытта қордың жобадан шығу кезеңінде екенін растады.
Сатуға дайындық қалай жүріп жатыр?
QIC мәліметінше, қажетті корпоративтік процедуралар мен әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
"Қазіргі уақытта KIF Жобадан шығу процесінде. Осы процесс аясында қажетті корпоративтік процедуралар атқарылып, мүдделі тараптармен активті сатудың ықтимал нұсқалары бойынша келіссөздер жүріп жатыр", - деп түсіндірді QIC.
Бұл ретте сату туралы түпкілікті шешімді әуежай акционерлері де, QIC те қабылдамайды.
"Сонымен қатар құрылтай құжаттарына сәйкес, портфельдік активтерден шығу туралы шешім қабылдау, сондай-ақ мәміленің құрылымын, шарттарын және өзге де коммерциялық параметрлерін айқындау Қордың тәуелсіз басқарушы компаниясы - VPE Eurasia GP Limited-тің айрықша құзыретіне жатады", - деп атап өтті QIC.
Инвестор неге жобадан шығуға шешім қабылдады?
QIC үлесті сату әуежайдың қандай да бір мәселелеріне байланысты емес екенін және инвестициялық циклдің стандартты бөлігі екенін баса айтады.
"Инвестициядан шығу - тікелей инвестиция қорларының стандартты кезеңі және активтің негізгі мақсаттарына қол жеткізілгеннен кейін оны сатуды көздейді", - деді қоғам өкілдері.
Қор қол жеткізген негізгі мақсаттар:
- 2024 жылы жаңа халықаралық жолаушылар және VIP-терминалдар ашылды;
- сондай-ақ әуежайдың барлық инженерлік инфрақұрылымы жаңартылды.
QIC бағалауынша, бұл өзгерістер әуе айлағының өткізу қабілетін арттыруға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға және мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
"Бұл Алматы халықаралық әуежайының өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға және 1 000-нан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді", - деп түсіндірді QIC.
Үлес құны қанша және мәміле қашан аяқталады?
QIC активтің болжамды құнын, инвестициядан күтілетін кірісті және мәміленің аяқталуының ықтимал мерзімдерін ашудан бас тартты.
Компания бұл ақпарат барлық процедуралар аяқталғанға дейін құпия болып қалатынын түсіндірді.
Ондағылар мәліметтерді мерзімінен бұрын жариялау келіссөздер процесіне және мәміле қатысушыларының мүдделеріне әсер етуі мүмкін деп санайды.