Астанада жаңа жағажай пайда болуы мүмкін. Бұл туралы елорданың Сарайшық ауданы тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қала басшысының айтуынша, елорданың бас жоспарында қалалық жағажайлар үшін арнайы аумақтар қарастырылған.
"Бас жоспарға сәйкес, бізде бекітілген қалалық жағажайлар бар. Бір жағажай Орталық саябақ ауданында, екіншісі Айтматов көшесі бойындағы жағалау аумағында орналасқан. Сіздер айтып отырған орын – солтүстік Триатлон паркі маңындағы аумақ", – деді әкім, тұрғынның сұрағына жауап бере отырып.
Жеңіс Қасымбек кейбір тұрғындардың тұрғын үйлерге жақын маңда жаңа жағажай салу идеясын қолдамайтынын айтты. Сондықтан бұл мәселе мұқият талқылауды және жан-жақты қарастыруды қажет етеді, деді елорда әкімі.
"Ұсынып отырғандар бар, қарсы адамдар да бар. Сондықтан қоғамдық тыңдаулар мен белгілі бір келісімсіз ондай шешім қабылдау мүмкін емес. Жағажай салынатын аумақта тұратын тұрғындар бұған қарсы. Сондықтан бәрін зерттеп, есептеп, бұл мәселені қоғамдық тыңдаудан өткізу қажет", – деді Астана әкімі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!