Қазақстанда тағы бір әуежай ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр - бұл жолы Екібастұзда. Қаламен авиациялық қатынасты дамыту мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерді, - деп хабарлайды Tengri Travel.
Ақорданың баспасөз қызметі мәліметінше, Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкіміне жаңа әуежай салу мәселесін пысықтауды тапырды.
"Президент Екібастұз қаласының әуе қатынасын дамытуға ерекше назар аударып, облыс әкіміне шаһарда жаңа әуежай ашу мәселесін жан-жақты пысықтауды тапсырды. Бұл жобаны іске асыру өңірдің көлік-транзит әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамуына тың серпін береді", - делінген хабарламада.
Әзірге әңгіме жобаны пысықтау туралы ғана болып отыр. Құрылыстың ықтимал мерзімі, әуежайдың орналасатын жері мен инвестиция көлемі туралы хабарланған жоқ.
Айта кетсек, Маңғыстау облысында салынып жатқан Кендірлі әуежайын 2026 жылы іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, алғашқы жылы әуе айлағы тек жаз мезгілінде жұмыс істейтін болады.
Сондай-ақ Қостанай облысының Арқалық қаласында ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеген әуежайды ауқымды реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр.