Қазақстанның ІІМ Интерполы еліміздің азаматын еңбек құлдығына түсу қаупінен құтқарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық қыз Камбоджа Корольдігіне қонақүй әкімшісі лауазымына жұмысқа орналасу мақсатында ұшып барған. Алайда шет елге келгеннен кейін бұл ұсыныстың артында басқа нәрсе тұрғаны белгілі болды.Ол еңбек құлдығына тартылу қаупіне тап болған.
Бұл оқиғаға жедел ден қойған Қазақстан ІІМ Интерполы Камбоджадағы Интерполдың Ұлттық орталық бюросына және Интерпол Бас хатшылығының адам саудасына қарсы күрес тобына ресми сұраныстар жолдады. Шетелдік әріптестермен үйлесімді әрекет пен жедел байланыс нәтижесінде қыз дер кезінде құтқарылып, аман-есен елге қайтарылғаны айтылды.
"Қазіргі уақытта қазақстандық қызды шетелге жұмысқа орналастыру ұсынысымен алдап, заңсыз еңбекке тартуға әрекеттенген адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады", - делінген хабарламада.
Шетелдегі қазақстандықтарды қорғау жұмысы жалғасады және бұл мәселе ІІМ-нің ерекше бақылауында екені айтылды.
"Полиция еңбек құлдығы шетелдегі жұмыс туралы "тартымды" ұсыныстардан басталуы мүмкін екендігін ескертеді. Әрдайым жұмыс беруші туралы ақпаратты тексеріп алыңыз, ресми дереккөздерден ақпарат жинаңыз! Өзіңізге және жақындарыңызға сақ болыңыз!"
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!