Алматы мен Қытайдың ірі қалалары арасындағы әуе рейстерінің саны артады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
2025 жылдың маусымда Алматы – Бейжің бағыты бойынша қосымша рейс және Алматы – Чэнду бағыты бойынша жаңа рейс ашылады.
"Былтыр Алматыға Қытайдан 95,3 мыңнан астам турист келді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 54 пайызға көп. Жалпы, 2024 жылы Алматыға 2 миллионға жуық турист келді, оның ішінде 600 мыңнан астамы – шетелдік туристер. 2025 жылы 2,3 миллион туристі, оның ішінде 700 мың шетелдік туристі күтеміз", – деді қала әкімі Ерболат Досаевтың баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Алматыдан Қытайдың бірнеше қаласына тікелей рейстер орындалады:
- Бейжің – айына 53 рейс (Air Astana – 22, China Southern Airlines – 31);
- Үрімші – айына 61 рейс (Air Astana – 17, China Southern Airlines – 44);
- Сиань – айына 9 рейс (China Southern Airlines);
- Ханчжоу – айына 18 рейс (Loong Air);
- Санья – айына 9 рейс (Air Astana).
Жаңа рейстерді Air China әуе компаниясы орындайды.
"Қазіргі уақытта Қазақстанның Көлік министрлігімен бірлесіп дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті бағыттар ұшу құқықтарын бөлу аяқталғаннан кейін ашылады", – деп мәлімдеді әкімдік.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим жұмыс істейді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!