Неге аздаған жаңбыр Қазақстандағы ең ірі қала әуежайының істен шығуына себеп болады? Алматы әуежайын таяуда су басуына қатысты мұндай сауал көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа қойылды, деп хабарлайды Tengri Travel.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Алматы әуежайының жаңа терминалы жеке инвестициялар есебінен салынған. Жобалау кезінде белгілі бір нормалар негізге алынған.
"Есімде болса, есеп 132 литрге жасалған, ал паспорттық көрсеткіштер 230 литр. Сіздер мұны аздаған жаңбыр десеңіздер де, іс жүзінде олай емес. Жауын-шашын мөлшері тіпті паспорттық көрсеткіштерден асып, 230 литрден жоғары болды. Яғни, құрылыс кезінде жобалау институты осы параметрлерді ұстануы керек еді, бірақ нақты жүктеме одан жоғары болып шықты. Мен жоғарыға шығып, құрылымды көрдім. Онда үлкен науа бар, ол іс жүзінде үлкен су бұру жүйесі сияқты. Егер ол толып кетсе, су бүйірдегі ашық шлюздер арқылы кетуі тиіс. Бірақ бір мезетте қанша су келгенін елестетіп көріңізші? Жаңбырдың қатты болғаны сонша, тіпті бүйірлік шлюздер ашық болса да, су ішке кеткен", - деп түсіндірді министр.
Бұл ретте ол әуежайды жобалау кезінде науа толып кетсе де, су әуежайдың ішкі бөлігіне өтпеуі тиіс екендігі қарастырылғанын растады. Қазіргі уақытта әуежай бұл мәселені жою міндеттемесін алды.
"Бұл - жеке меншік. Біз өз тарапымыздан оларға әкімшілік шаралар қолдандық (...) Акционер тарапынан әуежай қысқа мерзімде жобалық шешімді түзету міндеттемесін алады деген шешім қабылданды. Бастапқыда жыл соңына дейінгі мерзім туралы айтылған болатын, бірақ кейінгі тексеріс кезінде бұл жұмыстарды тездетіп, жақын арада аяқтау тапсырылды. Олар осы науадан қосымша су бұрғыштарын жасауы керек. Барлық шығынды әуежайдың өзі көтереді", - деп толықтырды Нұрлан Сауранбаев.
Оның сөзінше, су тасқынынан айтарлықтай материалдық шығын келмеген, тек кей жерлерде гипсокартон зақымдалған.
"Сонда Алматыдағы мұндай ауа райы жағдайын ескермеген ауа райы мен сәулетшілер кінәлі болғаны ма? Бұл жобаны кім қабылдап алды? Алматының климаты есепке алынбағаны ма?", - деп нақтылады журналистер.
Бұған министр қаладағы климат шынымен де өзгеріп жатыр деп жауап берді.
"Жақсы сұрақ. Сол күні біз көптеген нысанды араладық, басқа жерлерде де мәселелер болды. Шамасы, нормаларды қайта қарау керек. Климат өзгеріп жатыр, Алматыда жаңбыр басқаша жауатын болған", - деді Сауранбаев.
Мән-жайы
3 мамыр, жексенбіде қалада жауған нөсер жаңбыр салдарынан Алматы әуежайын су басты. Кейін желіде әуежай қызметкерлерінің тексеру және паспорттық бақылау аймағындағы суды шығарып жатқан видеосы жарияланды. Куәгерлердің айтуынша, су шатырдан тікелей ғимараттың ішіне аққан.
Әуежай әкімшілігі жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Су басу себептерін алты ай ішінде толық жою жоспарланып отыр.
Азаматтық авиация комитеті әуежайға қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданды.