Шетелдік азаматтардың Қазақстандағы мәртебесіне қатысты ережелер түсіндірілді. Маңғыстау облысында есептік кезеңде 3873 шетелдік уақытша тіркеуге алынған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы аумағында болу ережелерін және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берген 655 шетелдік жауапкершілікке тартылған. Олардың 164-і елден тысқары шығарылды.
"Сонымен қатар қолданыстағы ережелерге сәйкес, қабылдаушы тарап шетелдіктің Қазақстанға келгені және тұрғылықты жерінің өзгергені туралы көші-қон қызметіне хабарлауға міндетті. Бұл талап шетелдік азамат келген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде орындалуы қажет. Хабарламаны уақытылы бермеу қабылдаушы тарапқа 10-нан 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Егер бір жыл ішінде бұл ереженің қайта бұзылғаны анықталса, шақыруларды рәсімдеуге 1 жылға тыйым салынады", - делінген хабарламада.
Уақытша тұруға рұқсат келесі мақсаттар үшін 1 жылға дейінгі мерзімге беріледі:
- Еңбек қызметі (еңбек шарты негізінде);
- ЕАЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) елдері үшін жұмысқа рұқсат немесе еңбек патенті негізінде;
- Бизнес-иммигрант ретінде кәсіпкерлік қызмет;
- Отбасымен қосылу;
- Оқу, емделу, миссионерлік қызмет.
Қазақстаннан шыққан жағдайда, уақытша тұруға рұқсат өзінің ресімделген мерзімінің соңына дейін жарамды болып қалады. Елге қайта кірген кезде, оны қайта рәсімдеудің қажеті жоқ.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!