Әлеуметтік желілерде Мысырда Қазақстан азаматтарын жаппай ұстап жатыр деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, сондай-ақ Ресей мен Өзбекстан азаматтары да ұсталғаны айтылған.
Кайр қаласында құқық қорғау органдары шетелдіктерге рейд жүргізіп, олардың арасында студенттер де болғаны хабарланған. Адамдарды көшеден және үйлерінен күшпен алып кеткен көрінеді, полиция қызметкерлері оқу орындарының маңында да кезекшілік құрған. Елде заңды негізде жүргендер болса да, олар депортацияланған. Сондай-ақ ұсталған кезде полиция қызметкерлері барлық жеке затты алып қойып, иелеріне қайтармағаны туралы мәліметтер айтылған.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты пікір беріп, мұндай оқиғалар бойынша азаматтардан ешқандай өтініш түспегенін мәлімдеді.
"Қазақстан азаматтарынан ешқандай өтініш түскен жоқ. Сонымен қатар, елшілік тарапынан студенттермен Мысырдың көші-қон заңнамасын сақтау мәселелері бойынша алдын алу әңгімесі жүргізілді", – деді СІМ баспасөз қызметі.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!