“Тез жету керек болса, ұшақ бар“. Сауранбаев пойыздардың жылдамдығы туралы сұраққа жауап берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Тез жету керек болса, ұшақ бар“. Сауранбаев пойыздардың жылдамдығы туралы сұраққа жауап берді Иллюстрациялық фото: "Штадлер Қазақстан" ЖШС баспасөз қызметі

Stadler-дің жаңа вагондары жол жүруді жайлы еткенімен, Алматы мен Астана арасындағы қатынасты жылдамдата алмайды. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол жүру уақыты неге қысқармайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Tengri Travel.


Stadler-дің жаңа вагондары жол жүруді жайлы еткенімен, Алматы мен Астана арасындағы қатынасты жылдамдата алмайды. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол жүру уақыты неге қысқармайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Tengri Travel.

Журналистер министрден жаңа вагондар іске қосылғанда неге Алматы мен Астана арасындағы жол бұрынғыша 12–14 сағат болатынын сұрады. Сондай-ақ оған еліміздің қос мегаполисі арасында жоғары жылдамдықты теміржол желісін салуға Қазақстанның техникалық және қаржылық мүмкіндігі бар-жоғы туралы сұрақ қойылды.

Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Алматы мен Астана арасында жоғары жылдамдықты теміржол салу идеясы баяғыдан, елорда ауысқан кезден бері талқыланып келеді.

"Жоғары жылдамдықты теміржолымыз бола ма дегенге келсек, бұл мәселе елорда ауысқан кезден бері талқыланып жатыр. Яғни, ол баяғыда көтерілген мәселе", - деді министр.

Алайда, оның айтуынша, жеке жоғары жылдамдықты тармақ салу өте қымбат жоба.

"Халық тығыздығын ескерсек, екі қала арасында бөлек жоғары жылдамдықты магистраль салғаннан көрі, қосымша ұшақтар қойып, Алматы мен Астана арасындағы әуе рейстеріне қызмет көрсету арзанырақ түсетін шығар", - деп атап өтті Сауранбаев.

Министр Қазақстанда жолаушылар мен жүк пойыздары бір теміржол инфрақұрылымын пайдаланатынын түсіндірді. Сондықтан қазіргі желілер жоғары жылдамдыққа есептелмеген.

"Бұл ортақ пайдаланудағы теміржол. Сондықтан мұндай желілерде жоғары жылдамдық қарастырылмаған. Мұндай учаскелердегі орташа жылдамдық сағатына шамамен 60-тан 90 шақырымға дейін жетеді", - деді ол.

Сауранбаевтың айтуынша, Алматы мен Астана арасындағы жол жүру уақытының айтарлықтай қысқаруын күтудің қажеті жоқ.

"Егер тез жету керек болса - ол үшін авиация бар. Егер кесте бойынша, жүкпен, ыңғайлырақ логистикамен жүру керек болса, онда адамдар пойызды таңдайды", - деді министр.

Бұл ретте шенеунік министрлік қысқа қашықтықтарда жеделдетілген тасымал мүмкіндігін зерттеп жатқанын атап өтті. Сауранбаев мысал ретінде Алматы - Қонаев бағытын келтірді.

"Туристік бағыттар бойынша біз жеделдетілген маршруттарды іске қосуға тырысамыз. Мысалы, осы қашықтықта адамдарға теміржол көлігін пайдалану ыңғайлы болуы үшін Алматы - Қонаев электр пойызын жылдамдатуға тырыстық", - деді ол.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, Астана - Қарағанды бағыты бойынша жеделдетілген қатынас мүмкіндігі зерттеліп жатыр.

Мән-жайы

Бұған дейін "Қазақстан темір жолы" "Тальго" вагондарын жаңа Stadler вагондарына ауыстыруды жоспарлап отырғаны туралы жазған болатынбыз. 2030 жылға дейін барлығы 557 вагон жеткізілуі тиіс, ал алғашқы партияны Астана - Алматы, Астана - Семей, Астана - Шымкент және Астана - Атырау бағыттарында іске қосу жоспарланған. Жаңа вагондар кондиционермен, бейнебақылаумен, электр жылытумен, өрт сөндіру жүйесімен, қуат көзі және USB қосқыштармен жабдықталады деп уәде етілген.

2026 жылдың наурызында көлік вице-министрі Талғат Ластаев "Тальгоның" орнын басуы тиіс алғашқы Stadler жолаушылар вагондарын сәуірде іске қосу жоспарланғанын айтқан болатын.

Бүгін Үкіметте өткен брифингте Нұрлан Сауранбаев нақты мерзімді атай алмады, қазір қабылдау процесі жүріп жатқанын және қауіпсіздікке байланысты бірқатар техникалық мәселе туындағанын айтты. Министрдің сөзінше, ортақ техникалық шешім қабылданбайынша, вагондар пайдалануға берілмейді.

TengriTravel
;