Иран АҚШ-тың Ислам Республикасының инфрақұрылымына жасаған кез келген шабуылы аймақта бұдан да ауқымды қирауларға әкелетінін мәлімдеді. Тегеран өзінің қарулы күштері бүкіл аймақ бойынша инфрақұрылым нысандарына соққы жасатынына уәде берді. Ирандықтардың айтуынша, бұл нысандар осы уақытқа дейін тек олардың ұстамдылығының арқасында ғана аман қалған, деп хабарлайды Tengrinews.kz ирандық БАҚ-қа сілтеме жасап.
Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, "Хатам әл-Анбия" орталық штабының баспасөз хатшысы полковник Эбрахим Золфакари Тегеран Ормуз бұғазында АҚШ-тың кез келген араласуына жол бермейтінін айтып, оны "қол сұғылмайтын қызыл сызық" деп атады.
"Егер АҚШ президентінің Ислам Республикасының инфрақұрылымына соққы жасау туралы соңғы қатерлері іске асса, осы уақытқа дейін тек Иранның ұстамдылығының арқасында зақымданбай тұрған бүкіл аймақтағы барлық инфрақұрылым Иран қарулы күштерінің соққыларымен талқандалады", - деді Золфакари.
Ол Иранның жауабы "сәйкес" емес, "асып түсетіндей" болатынын қосып, кез келген қарымта шара "бұрынғыдан да қатал, ауқымды әрі жойқын" болатынын ескертті.
Бұл ескерту екі тарап бес күн бойы қатар-қатар жаңа соққылар алмасқан тұста жасалды.
Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) Иорданиядағы АҚШ әскери базасына зымырандық соққылардың екі толқынын жасағанын, ал Иран әскерилері Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ армиясының нысандарына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен соққы жасалғанын хабарлады.
ИРСК Иорданияға жасалған соққыны Ирандағы балалар онкологиялық ауруханасының маңындағы АҚШ-тың шабуылы деп атаған әрекетіне қайтарылған жауап екенін мәлімдеді.
"Бұл тағылық шабуыл... ауруханада жатқан балаларға үлкен қасірет пен үрей туғызды және химиятерапиядан өтіп жатқан 211 пациентті шұғыл эвакуациялауға мәжбүр етті. Бұл ең жазықсыз жандарға - өз өмірі үшін ерлікпен күресіп жатқан балаларға қарсы жасалған қорқақ соғыс қылмысы. Бұл жабайы шабуыл... ауруханадағы балаларға қатты азап пен мазасыздық әкелді", - деп жазды X желісінде Иран СІМ ресми өкілі Эсмаил Багаи.
Иран Трамптың Таяу Шығыстағы жылжымайтын мүліктерін "заңды нысана" деп атады. Бұл туралы ИРСК баспасөз қызметі өзінің Telegram-арнасында жазды.
Жазбада Трампқа тиесілі бірнеше гольф-клуб пен зәулім ғимараттар туралы айтылған. Олардың ішінде Trump International Hotel & Tower (Дубай), Trump Plaza (Джидда), Trump Tower (Эр-Рияд) бар.
Сонымен қатар АҚШ әскерилері түнгі соққылардың кезекті толқынын аяқтағандарын мәлімдеп, Иранның басқару орталықтарына, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне, зымырандық және ұшқышсыз кешендерге, сондай-ақ - осы соғыс кезеңінде алғаш рет - Тегеран төңірегіндегі және елдің солтүстігіндегі нысандарға соққы жасады.
Америкалық қарулы күштер Иранның теңіз қоршауын бұзып өтпек болған кемеге соққы жасағанын хабарлады.