26 сәуір 2022 10:00

Елбасы өкілеттігі жойылады, Күдебаевтың қызметінен кетуі. 25 сәуірде Қазақстанда және әлемде не болды?

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото Tengrinews.kz/Әлихан Сәриев Фото Tengrinews.kz/Әлихан Сәриев

Елбасының өкілеттігі туралы конституциялық заңның күші жойылады. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14 пайызға дейін көтерді. Генерал Серік Күдебаевтың қызметінен не себепті кеткені анықталды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.


Елбасының өкілеттігі туралы конституциялық заңның күші жойылады. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14 пайызға дейін көтерді. Генерал Серік Күдебаевтың қызметінен не себепті кеткені анықталды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

Ақтаулықтар жағалауда жаңбыр шақыру рәсімін өткізді 

Ақтауда 15-шағынаудандағы амфитеатр алдындағы алаңға 2000-нан астам адам жиналып, бірге намазды оқыды. Іс-шараны өткізуге Маңғыстау облысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, облыстық Бекет-ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов бастамашы болды. Әнуар Елжановтың айтуынша, "Тасаттық" рәсімін өткізуді жергілікті фермерлер мен жер иеленушілер сұраған. Имам Маңғыстауға жер, мал, өсімдіктер үшін дәл қазір жаңбыр қажет екенін айтты. Маңғыстау облысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына рәсімді өткізуге рұқсатты өңір басшысы берді.

Фото: Рашид Исмагилов

Генерал Серік Күдебаев қызметінен кетті 

Ішкі істер министрі бұған дейін Алматы облысы Полиция департаментін басқарған генерал-майор Серік Күдебаевты қызметінен босатты. Бұл туралы ІІМ мәліметінде айтылды. Ведомство мәліметінше, Күдебаев өз өтініші бойынша қызметінен кеткен.

Фото: gov.kz  

Тоқаев Макронды Қазақстанға шақырды 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Эммануэль Макронды Француз Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. Қазақстан Президенті екі ел арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдауға негізделген стратегиялық серіктестікке тың серпін беру үшін өзара күш-жігер жұмылдыруға дайын екенін нақтылап, Франция президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Фото: akorda.kz

Конституциялық Кеңес Тоқаевтың өтінішін қабылдады 

Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Конституцияның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігіне қарау туралы өтінішін іс жүргізуге қабылдады. Ведомство Конституциялық Кеңестің отырысына материалдарды дайындау бойынша жұмысты бастағаны атап өтілді, онда аталған өтініш мәні бойынша қаралатын болады. Конституциялық Кеңестің шешімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады деп уәде берілді.

Экономист Президентке ұлттық экономиканы дамыту жөнінде ұсыныстар айтты

Мемлекет басшысы белгілі экономист Жақсыбек Құлекеевті қабылдады. Президентке жаһандық геосаяси дағдарыс жағдайында ұлттық экономиканы дамыту, сондай-ақ мұнай-газ секторының рөлін күшейту жөнінде ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, белгілі экономист және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары туралы өзінің көзқарасын айтты.

Фото: akorda.kz 

Жамбыл облысындағы сарбаздың өлімі: Тоқаев шынайы себебін анықтауды тапсырды 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында маңғыстаулық сарбаз Әлібек Саламатұлы Қалбайдың қаза болуына байланысты жақындары мен туыстарының орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Президенттің пікірінше, бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс. Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті. Президент осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.

Фото: Inaktau.kz

Тұңғыш Президент Назарбаевтың мәртебесі Конституцияда анықталады 

Қазақстанның Конституциясы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесін анықтайды. Бұл туралы конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасулов ​​мәлімдеді. Ол Тұңғыш Президенттің мәртебесі Конституция және конституциялық заңдармен реттелетінін айтты. Жұмыс тобы бұл мәртебені Конституцияның өзінде анықтап, бұл норманы нақтылайтын заңдарға емес, Конституцияның өзіне жүгіну керек деген қорытындыға келді

Елбасының өкілеттігі туралы конституциялық заңның күші жойылады 

Жұмыс тобының бастамасымен Тұңғыш Президенттің өкілеттіктеріне қатысты барлық норма Конституциядан алып тасталады. Осыған сәйкес Тұңғыш Президент - Елбасы туралы конституциялық заң алдағы уақытта күшін жояды. Бұл туралы конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасулов ​​мәлімдеді

Бас прокуратура Қырғызстан МҰҚК басшысын жауап алуға шақырды 

Қамшыбек Ташиев 2010 жылғы маусым оқиғасындағы іс бойынша куәгер ретінде шақырылды. Еске салайық, Қырғызстандағы сәуір төңкерісінен кейін елдің оңтүстігінде қырғыздар мен өзбектер арасында этникалық қақтығыс болған. 2021 жылдың сәуірінде ел президенті Садыр Жапаровтың тапсырмасымен Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы "Қызмет бабын асыра пайдалану" бойынша қылмыстық істі тергеуді қайта бастады, өзбек қауымдастығының жетекшісі Қадыржан Батыровтың елден заңсыз кедергісіз кетуіне ықпал ету дерегі бойынша уақытша үкімет шенеуніктеріне қарсы қозғалды.

Фото: 24.kg

Жаңа өңірлерге бюджет қалай бөлінеді?

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда пайда болатын өңірлерге бюджетті қалай бөлу жоспарланғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа облыстар құрылғаннан кейін, Жарлыққа қол қойылғаннан кейін жаңа облыстардың әкімдері тағайындалады. Жаңа әкімдер құрылып жатқан облыстардың әкімдерімен бірлесіп, одан әрі жұмыс жүргізетін болады. Содан кейін 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде келесі жылға қажетті қаражат бөлінеді. Қажет болған жағдайда ақша Үкіметтің резервінен және мүмкін, екінші оқылымда (Парламенттен) бөлінеді.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14 пайызға дейін көтерді 

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1,00 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 14 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Өтімділікті ұсыну тұрғысынан тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15 пайыз, ал өтімділікті алу бойынша тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 13 пайыз болады. Базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім геосаяси тәуекелдердің салдарынан инфляциялық қысымның күшеюі, әлемде, сондай-ақ Қазақстанның саудадағы серіктес елдеріндегі бағаның өсуі мен олардың елдегі ішкі бағаға ауысуы жағдайында  Ұлттық банктің инфляцияға қарсы саясат жүргізуге бейілділігін көрсетеді. Үш жыл бойы байқалып отырған оң фискалдық қарқын инфляциялық процестердің маңызды қозғаушы күші болып қала береді

Қазақстандық кәсіпкерге іздеу жарияланды 

Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстан Республикасының азаматы Е.Қ. Медетбековке және кәсіпкер А.Б. Жексенғалиевке іздеу жариялады. Олар алдын ала сөз байласу арқылы топпен жасаған аса ірі сома 1,1 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Таңдалған бұлтартпау шарасы - қамауға алу. Іздеудегі адамның орналасқан жері туралы сенімді ақпарат берген адам үшін ақшалай сыйақы қарастырылған, анонимділікке кепілдік беріледі.

Илон Маск Twitter желісін сатып алды 

Twitter компаниясы SpaceX және Tesla негізін қалаушы Илон Маск әлеуметтік желіні 44 миллиард долларға сатып алатынын мәлімдеді. Бұған дейін Маск пен Twitter өкілдері әлеуметтік желіні 43 миллиард долларға сатуды талқылау үшін кездескен еді. Еске салайық, 4 сәуірде америкалық миллиардер, Tesla иесі Илон Маск Twitter әлеуметтік желісінің 9,2 пайызын сатып алып, компанияның ең ірі акционері атанғаны белгілі болды. Илон Маск Twitter директорлар кеңесіне кірмейтінін мәлімдеді. Кейінірек әлеуметтік желінің бұрынғы акционерлері миллиардерді компанияның акцияларын сатып алу кезінде болған заңбұзушылықтарға байланысты сотқа берді. Осыдан кейін Маск компанияның барлық акциясын 41,39 миллиард долларға сатып алуды ұсынды.

Лавров ядролық соғыс қаупі туралы ойын айтты 

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Первый канал" эфирінде ядролық соғыс қаупі қазір айтарлықтай екенін және бұл қауіпті бағаламауға болмайды деген пікір білдірді. Дегенмен, оның айтуынша, бұл қауіпті тұтатқысы келетіндер де аз емес. Ол қаңтарда "ядролық бестік" елдері бұл қаруды қолдануға жол бермеу туралы тезисті растағанын еске салды. Бұған дейін америкалық сарапшы алпауыт державалар арасындағы ядролық қару жарысы адамзатқа бақылаусыз әскери қақтығыс қауіпін төндіретінін айтқан. Ол қазір ірі державалар арасында ядролық бәсекелестіктің жаңа раунды жүріп жатқанын, болашақта ол дүниежүзілік ядролық соғыстың тұтануына әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.52   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети