Жамбыл облысының полициясы Балқашта бірнеше адамның ұсталуына және белгілі кәсіпорын шахтасына заңсыз кіру дерегіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Желідегі хабарламалар
Бұған дейін желіде Балқашта бағалы металдарды ұрлады және шахтаға заңсыз кірді деген күдікпен алты адамның ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Сондай-ақ, ұсталғандардың арасында Қарағанды облысының полиция капитаны болғаны айтылды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде Мойынқұм ауданындағы шахтаға ұқсас жерде түсірілген видеолар пайда болды.
Әлеуметтік желіде ер адамдардың шахтадан үлкен сөмкелермен шығып келе жатқан видеосы тарады. Кадрларда күзет қызметкерлерінің оларды тоқтатпақ болғаны көрінеді. Желі қолданушылары жарияланымдарда сөмкелердің ішінде алтын болуы мүмкін екенін жазып, бұл жағдай қызу талқыға түсті.
Полиция не дейді?
Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, дабыл шынымен де күзет қызметкерінен түскен. Мойынқұм ауданында күзетілетін нысанға заңсыз кірген 14 адам ұсталды. Олар Қазақстанның түрлі өңірлерінен, соның ішінде Қарағанды облысынан келген.
"2026 жылғы 27 сәуірде түнгі сағат 02:18 шамасында полицияға күзет қызметкерінен Мойынқұм ауданындағы жерасты шахтасына белгісіз тұлғалардың заңсыз кіргені туралы хабарлама түсті. Сол күні полиция күзетілетін нысанға заңсыз кіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күзетілетін аумаққа заңсыз кірген, Алматы, Түркістан, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан келген 14 ер адам полиция бөліміне жеткізілді", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Тексеру барысында ұсталғандардан тек жеке заттары табылды. Полицияның мәліметінше, оларда ешқандай құндылықтар немесе өндірілген металдар болмаған.
Сондай-ақ, баспасөз қызметі ұсталғандардың арасында Қарағанды облысының полиция капитаны болды деген ақпаратқа қатысты да пікір білдірді.
Ведомство тарап жатқан мәліметтер шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Полиция қызметкерінің қатысы бар деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сонымен қатар, жедел-іздестіру шаралары барысында басқа баптар - атыс қаруын заңсыз алып жүру және алаяқтық бойынша екі күдікті анықталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды", — деп хабарлады Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының полициясы да ұқсас мәлімдеме жасады. Онда да полиция қызметкерінің бұл оқиғаға қатысы бар деген мәліметтердің расталмайтыны атап өтілді.
Қазір тергеу амалдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Құқық қорғау органдары қорытынды оқиғаның егжей-тегжейі зерттелгеннен кейін жасалатынын ескертеді.