Тоқаев “Орта дәліздің“ “Трамптың жолымен“ байланысы туралы айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тоқаев “Орта дәліздің“ “Трамптың жолымен“ байланысы туралы айтты Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажет деп санайды.

"Бұл салада нақты жетістіктеріміз бар. Осы кезге дейін қазақ-түрік іскерлік топтарының бірлескен күш-жігерінің арқасында жалпы құны 7,6 миллиард долларға тең 142 жоба жүзеге асты. Солардың қатарында тұрған YDA Holding компаниясын атап өткім келеді. Бұл компания елімізде көпсалалы өндіріс кешенін ашты. Сонымен қатар алюминий өндірісін жандандырып, медициналық бұйымдар шығарып жатыр. Ал Panelsan, Betek Boya кәсіпорындары құрылыс және химия өнеркәсібіне қатысты жобаларды жүзеге асыруда. Aksa Energy компаниясы Қызылорда облысында заманауи электр станциясын іске қосты. Бұл жобалар Қазақстанның өндірістік қуатын арттыруға септігін тигізері анық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президенттің пікірінше, көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту айрықша маңызды.

"Қазақстан – Қытай мен Еуропаны жалғап тұрған мемлекеттердің бірі. Қазір осы бағыттағы жүк тасымалының 85 пайызы біздің еліміз арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни, Орта дәліз, Қазақстанның тасымал саласындағы әлеуетін арттыруға оң ықпал етуде. Соңғы жылдары осы дәліз арқылы өткен жүк көлемі 5 еседен астам өсті. Былтыр контейнерлік жүк тасымалы 36 пайызға көбейді. Көп ұзамай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз", - деді Президент.

Сонымен қатар транзиттік тасымал жүйесін тиімді үйлестіру үшін "Smart Cargo" бірыңғай цифрлық басқару платформасы әзірленгені атап өтілді.

"Жалпы, Орта дәліздің мүмкіндігін арттыру баршамыздың мүддемізге сай келеді. Сондықтан түрік тарапына «e-permit» жобасын бірге жүзеге асыруды ұсынамыз. Бұл жоба жүк рәсімдерін электронды түрде, яғни, мейлінше ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімшілік шығындарды азайтады. "Орта дәліз" жобасын "Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы" (TRIPP) бастамасымен ұштастыру маңызды деп санаймын", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұдан бөлек, түрік кәсіпкерлері еліміздің әуежай инфрақұрылымына қомақты инвестиция салғанын ерекше атап өтті.

"Қазір TAV Holding компаниясы Алматыдағы халықаралық терминалды жаңғыртуда. Ал S Sistem Lojistik компаниясы Ақтөбе әуежайында логистика орталығын салуды жоспарлап отыр", – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, бұл жобалар Қазақстандағы әуе тасымалының әлеуетін арттыруға жол ашады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 474.04   555.21   6.47 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер