19 сәуір 2018 17:10

"Астана Балет" театры Алматыда әлемдік балет жауһарларын көрсетеді

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Astana ballet © Astana ballet

Ағымдағы жылдың 4 мамыры мен 6 мамыры аралығында Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында елордалық "Астана Балет" театры көрермендерге өзінің бірқатар өнер туындыларын тарту етпекші, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шығармашылық ұжымның гастрольдік сапары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елорданың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында өтпек. Театр труппасы өз орындаушылық деңгейін паш етіп, еліміздің хореография өнерінің заманауи және ұлттық үлгілерін көрсетпек.


Ағымдағы жылдың 4 мамыры мен 6 мамыры аралығында Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында елордалық "Астана Балет" театры көрермендерге өзінің бірқатар өнер туындыларын тарту етпекші, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шығармашылық ұжымның гастрольдік сапары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елорданың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында өтпек. Театр труппасы өз орындаушылық деңгейін паш етіп, еліміздің хореография өнерінің заманауи және ұлттық үлгілерін көрсетпек.

Гастрольдік сапардың алғашқы күні көрермендерге неоклассика шедеврі Джордж Баланчиннің "Серенадасы" мен отандық балетмейстер Мукарам Авахридің "Жусан" спектаклі ұсынылмақ. Қос қойылым да мінсіз стиль мен ғажайып хореографиясымен ерекшеленеді.

"Серенада" спектаклі "Астана балет" театрының сахнасында алғаш рет Джордж Баланчин қорының қолдауымен қойылып, хореографтың мәнері мен техникасының стандарттарына сай жасалды.

"Біз Дж.Баланчин қорымен атқарылған ұзақ мерзімді жұмыстың нәтижесінде қор бізге XX ғасырдың әйгілі заманауи жауһарын өз театрымызда, ҚР бойынша гастрольдік сапарларда қою құқын берді. Біз Қормен жұмыс істеуге алғашқы күннен мүдделі болдық. Сондықтан бұл спектакль театр өміріндегі елеулі қадам болып саналады", - дейді театр директоры Валерий Кузембаев.

Баланчин қойылымында сахна минимализмі басым: қарапайым костюмдер, жеңіл декорациялар. Ең бастысы – музыка мен бидің үндестігі. "Астана Балет" театрының әртістері өздері үшін де тың хореографияда әсем де асқақ биді, пластикалық суреттің нақтылығын паш етіп, неоклассика шедевріне жан бітірді.

Заманауи балетмейстер Мукарам Авахридің "Жусан" атты бір актілі балеті хореография тілімен өрнектелген халқымыз бен даламыздың тарихы. Терең мазмұнға толы, ерекше спектакльде Қуат Шілдебаевтың, Сергей Рахманиновтың, Арво Пярттың, Карл Дженкинстің музыкасы шырқалады. Қуат Шілдебаевтың әуендері спектакльдің негізгі қазығына айналған. Мукарам Авахри музыкалық тақырыптар мен койылым драматургиясының дәл үйлесімін таба білген. Балет дала тынысы мен туған үйдің жылылығына, қасірет азабы мен қайта даму қуанышына,әсем сұлулық пен отанға деген махаббат сезіміне толы.

5 мамырда "Астана Балет" театры көрермен назарына экстремальді техника, тынымсыз қимыл мен қарқынды музыка ырғағына құралған Уильям Форсайттың "In the Middle, Somewhat Elevated" ("Ортада, сәл жоғары") атты спектаклі ұсынады. Уильям Форсайт балеті - декорациясыз, аскеттік костюмдер, ырғақты музыка, ерекше балет техникасы мен адам тәнінің мүмкіндігінің шегінде орындалған тынымсыз қимыл ағыны. "Хореография дегеніміз тіл. Ол әліппеге ұқсас, сондықтан, өзіңізге таныс сөздердің барлық әрпін дауыстап айтудың қажеті жоқ... Тілдің мазмұн-мағынасы өзі пайда болған контекстпен айқындалады. Сіздің осы тілде не айтқаныңыз емес, қалай айтқаныңыз әлдеқайда маңызды", - деді Уильям Форсайт.

Форсайттың экспрессивті хореографиялық лексикасы батылдық пен табандылықты талап етеді: әртістер вертикаль мен баланстан айырылып қалу қаупіне қарамастан, күрделі кеңістік композициясында бірін-бірі жылдам қозғалтып отырады. У.Форсайт спектаклі труппаны түбегейлі өзгертті: әртістер тың қарқын, нақты координациялар мен денесін өте еркін ұстауды меңгерді. Балет ұжымы мүлдем басқа кейіпке енді.

Сонымен қатар, көрермендер екінші бөлімде Мукарам Авахридің "Саломея" спектаклін тамашалай алады. Балет хореографиялық тұрғыдан Шығысқа тән графикалық пластика мәнерімен жасалған. Сонымен қатар, орындау техникасының алуан-түрі қолданылған: пуантамен және жалаң аяқ билеу.

Балеттің музыкалық сүйемелдеуі – қазіргі түрік композиторы Фазил Сайдың скрипка концерті. Ол өзінің туындыларында академиялық дәстүрді шығыс әуендерімен үйлестіре білген.

"Мен үшін ең маңыздысы адами сезім мен құштарлықтың сұрапыл ауанына енуге тырысу еді. Мен ішкі қуаттан туған эстетикалық би шығарғым келді. Сол себепті, музыка, қимыл, эмоцияның тұтастығымен қоса, әртістермен ойымыздың бір жерден шығуы маңызды еді. Қуанышыма орай, дәл солай болды", - дейді, хореография авторы Мукарам Авахри.

Қойылымға труппаның барлық әртістері қатысады. Солистер мен кордебалет үнемі байланыста. Көрермен оқиғаға тікелей араласып отырғандай күй кешіп, қайталанбас жарқын сезімге бөленеді.

Гастрольдік сапардың соңғы күні алматылық өнерсүйер қауымға "Астана Балет" театрының алуан-түрлі бағдарламасы тарту етілмек: халқымыздың мәдениеті пластика тілімен жеткізілген «Астана Балет Гала» концерттік бағдарламасы, бельгиялық хореограф Рикардо Амарантенің "A fuego lento", "Love Fear Loss" бір актілі балеттері хореография тілінде сезім сырларын шертіп, ерекше әсер қалдырады.

"Астана Балет Гала" бағдарламасына енген хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділерінің ұлттық бояуы қанық. Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында Айгүл Тәтидің ұлттық хореография жауһарларына айналған бірқатар туындылары ұсынылады. Барлық композициялық ұлттық дәстүрге бай, сан-қырлы әрі эмоциялық қуаты басым. Ғажап музыка мен қайталанбас көркемдік бейнелер жадыңызда мәңгі сақталып қалары анық. "Астана Балет Гала" бағдарламасы заманауи ұлттық балетті жарқын, екпінді дамып жатқан әрі бірегей құбылыс ретінде тануға мүмкіндік береді.

"A fuego lento" атты келесі балет, асыл махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды кернеген эмоциялық қуат пен алаңдаушылық сезімін сөз етеді. Тәніңіз ерекше күйге түсіп, шаттық сезіміне бөленесіз, ал, ішкі жалын бойыңызды өртеп әкетеді. Ғашық жан үшін күллі әлем сүйіктісінің айналасына тоғысқандай көрінеді, ал, өмірдің мәні тек махаббат деп біледі (музыка - Лало Шифрин, Астор Пьяццолла, Карлос Гардель, Хореограф - Рикардо Амаранте).
"Love Fear Loss" (музыкасы - Эдит Пиаф, Чарльз Дюмонт, Жак Брельдікі, хореограф - Рикардо Амаранте) - Эдит Пиафтың ғажайып өмірінен нәр алып, оның әндерінің әуенімен көмкерілген. Бұл әйгілі әншінің түрлі ерлермен қарым-қатынасының айнасы іспеттес. Пиаф әндерінің басын қосса махаббат ұранына айналады. Сонысымен де, әлемді мойындатқан еді. Балеттің әр дуэті бауырмалдық, махаббат, айырылып қалу қаупі мен үрей сынды сезімдерді суреттейді.

Репертуарының алуан-түрлілігі, орындаушылық деңгейі мен спектакльдердің сахналық безендірілуі арқасында "Астана Балет" театрының шығармашылығы елімізде ғана емес, дүниежүзінде де ерекше қошеметке ие.
Естеріңізге сала кетейік, "Астана Балет" театры Мәскеу мен Санкт-Петербор (Ресей), Бейжің (Қытай), Париж (Франция), Вена (Австрия), Сеул (Корея), Будапешт (Мажарстан), Баку (Әзірбайжан), Нью-Йорк (АҚШ), Токио (Жапония), Варшава (Польша) қалаларының әлемге әйгілі сахналарында өнер көрсеткен. Жас ұжым үнемі ізденіс үстінде. Өзінің қайталанбас қолтаңбасын тауып, бірегей шығармашылық бейнесін қалыптастырып, классикалық мұраның үздік үлгілерін сақтай отырып, пластика тілін жарқын, есте қаларлық жаңашылдықпен толықтыра түсу - мақсат-мұраты.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети