МӘДЕНИ ШОК
Мәдени шок деген ұғым бар, білесіздер. Бір ортадан екінші ортаға ауысқан кісінің басынан кешіретін жайсыздығы. Көбіне, шетелге алғаш барған кісілер түрлі деңгейдегі мәдени шок жағдайына тап болады. Қазақша айтқанда, көзіңе оғаш көрініп, бойың бірден үйренісіп кете алмаған көріністер мен дағдылар легі ғой.
Шетелге барғандар ғана емес, шетелден елге қайтып келген кісілер де белгілі деңгейде мәдени шоктан дәм татады. Ол - өз еліңе өгейсіп қалдың деген сөз емес, тек әбден өзге ортаның өмір сүру қалыбына үйреніскендіктен туындайтын, суық судан ыстық суға, яки, ыстық судан суық суға ауысқанда денеңнің тітіркенгені секілді заңды құбылыс.
Хош, бас аяғы үш жарым жыл, соңғы келгендегімнен санағанда, он бес ай АҚШ-та тұрған мен Қазақстанға келгенде қандай мәдени шокты бастан кешірдім. Соны жұқалап айтып көрейін.
1. ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІ. Адамдар бір-біріне тым суық. Түртіп кетсең, ұрса жөнелердей. Амандассаң, жауап қатпайды. Жай сөйлегенге қатты жауап беріп, қатты сөйлегенді боқтағалы тұрғандай әсер қалдырады.
2. ҚАРЫМ ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІ. Қызмет көрсетудің алтын діңгегі жылы қарым-қатынас екенін әлі түсінбеппіз. Күні кеше жеке меншік тіс дәрігеріне кірдім. Жарты сағат күтіп отырып жарты стақан су сұрап іше алмағанымды айтпай-ақ қояйын, дәрігердің алдына кіргенде, күлмей-ақ қойсын, қалымды сұрамай ақ қойсын, адам құсап амандасуға жарамады ғой жарықтық. (Тісімді жұлдырып, кем дегенде 5-6 мың теңге тастап кеткелі отырған маған өйтсе, тегін қызмет көрсететін мемлекеттік емханалардың қызметкерлерінен қандай жылы қабақ күтуге болады?) Сөйтіп, аузымды ашып қарады да, теріс бұрылып компьютерінің алдына барды. Маскасын шешпеген күйі "четырн... гм...гм... нарен...гм..гм" деді. Шамамен осылай естілді. А? - деймін, жаңағыны қайталайды. Түсінбедім, - деймін, тағы сол. Әрең түсіністік. Он төртінші тісті ренгенге түсіру керек дегені екен. - Рентген қайда бар? - Білмеймін. - Сіздерде жоқ па? - Жоқ. Ары қарап шаруасын істеп отыр. Барсың ба, жоқсың ба, сұрап отырсың ба, ауырып отырсың ба, бәрібір. Кеттім де қалдым. Желкемнің шұқыры көрсін.
Нотариуста да, дүкенде де шамамен осындай қатынас. Дұрыстап түсіндіру, жақсылап жауап беру деген атымен жоқ. Клиентке өйтіп отырған адамнан көшеде қабақ ашып жүруді қай бетіңмен талап етесің?
3. ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІ. Әйелім жай киіммен банкке барса, күзетші: "аккаунты жоқ адамдарға кіруге болмайды" депті. Сұрамай, білмей жатып, киімге қарап, "мынада банк аккаунт болуы мүмкін емес" деп шешім шығарып тұр да. Киімге, статусқа, қызметке қарап алалау сұмдық белең алған. Әйелдер нан алуға бару үшін де тойға барғандай дайындала ма деп қалдым. Бір жағы жаңағындай көзтүрткі боп қалам деп қорқа ма екен? Қымбат киім киген, қымбат көлік мінген адамға қарым-қатынас басқаша. Бәлки сондай "басқаша" құрметке ие болу үшін шамасы келсін келмесін тыраштанып, қымбат киім, қымбат көлікке ұмтылып, қарызданып, қауғаланып жүрген адамдар, әйтеуір. Америкакалықтардың ішіне кіріп шыққан жоқпын, бірақ олардың сырт келбетке қарап қарым-қатынас жасағанын көрмеппін.
Өз басым Астана мен Алматының дамуынын еш кемістік байқамадым. Шетелде бар дүниенің бәрі бізде бар. Тек, әттең, мәдениетіміз тұрмысымызға ілесе алмай, шабандап қалып жатыр.