Біздің мұнайымыздың бір ерекшелігі – құрамында күкірт қосылыстары көп. Осы жағынан алғанда мұндай мұнайды өңдеп, одан өнім алу күрделірек. Бұған қоса біз табиғи газға бай елміз. Біздің газымыздың ба-сым көпшілігі мұнайымызға ілесіп шығады. Өкініштісі, қазірде осы мұнай-мен ілесіп шығатын ілеспе газды ұқсату жағы да бізде өте төмен. Себебі ол газды ұқсату үшін алдымен күкірт қосылыстарын Клаус тәсілімен арылтып, элементті күкіртке айналдыру керек. Ал алынған элементті күкіртті сатылымға шығарғанымен, қазір еш пайда жоқ. Әлемдік нарықта бүгінде элементті күкірттің бағасы тым төмен. Сондықтан тек қана пайда табуды көздейтін шетелдік алпауыттар бұл жерде қазақтың мұнайын ғана емес, газын да ысырап етіп отыр. Әрине, бұл мәселе қазір біртіндеп қолға алына басталды. Қазірде Құмкөл кенішінде ілеспе газды тазарту, оны өнім ретінде пайдалану жүзеге аса бастады. Бірақ көп кеніштерде ілеспе газ ашық аспанда еш пайдаланылмай жанып жатыр. Газдың бұлай ашық аспанда жануы экологиялық тұрғыдан өте зиянды. Осы ретте айтарым – осы мәселеге қатысты салмағын бойына жиған шешімдер қабылдау керек. Осы саладағы бақылау пакетінің басым үлесі Қазақстанның еншісінде болуы қажет. Былайша айтқанда, жіліктің майлы басы біздікі болуы керек қой. Жалпы, өзге елдер осы мұнай-газ саласына айрықша назар аударады. Мұнайды ақырына дейін өңдеу әдісіне бүгінде Германия, Израиль тәрізді елдер қатты назар аударуда. Тіптен алысқа бармай-ақ көрші Ресейді мысалға алайық, Ресейде тек қана осы мұнай-химия өнеркәсібіне қатысты мамандар дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар. Біз тек осы салаға қатысты бірді-екілі факультеттер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Ол факультеттердің өзінде мұнай-химияны тереңдеп оқытпайды. Сондық-тан мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, мұнай-газ саласын өр-кендету үшін мынадай жайттарға назар аударған жөн:
а) Маман біліктілігін арттыру керек. Ол үшін көрші елдердегі тәрізді арнайы мұнай-химия өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындары ашылуы керек. Технологиялық базамыз қуатты болуы керек. Біліктілікпен қоса, отандық өндіріс қуаттылығы артуы қажет.
ә) Мұнай өндіруші, мұнай өңдеуші компанияларды мемлекет қарамағына алғаны жөн. Өйткені біз барлық тізгінді шетелдік алпауыттарға беріп қойдық. Мұның ақыры "Жаман үйді қонағы билейді" дегенге әкеліп отыр.
б) Бұдан соң қандай шешім қабылданса да, халықтың мүддесі ескерілуі ке-рек. Егер әркімге бір жалтақтап, өзге жұрттың бабын таба берсек, онда күні ертең келер ұрпақтың алдында дидарымыздың төменшіктеп қалатыны хақ.
в) Заң қатайтылуы керек. "Тәртіпке бағынған ел құл болмайды" деген сөз – ақиқаттың нақ өзі.
г) Бұдан соң мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауды бастау керек. Бұл – мұнай-химия өнеркәсібіне жан бітіретін үрдіс.
Қазір шетелдік алпауыттарға ең тиімдісі мұнайды шикі күйінше сыртқа экспорттау болып отырғанын мен жоғарыда айтып өттім. Өзіңіз ойлаңызшы, шикізат күйінде сатып пайдаға белшеден батуға болатын болса, оны химиялық тәсілмен өңдеп жын ұрып па? Олар осы тәсіл арқылы қазақтың мұнайын сатып байып пайдаға бір батып отырса, өнертапқыштарын тұншықтырып тағы бір маcсаттанып отыр. Сондықтан бұған қатысты айтарым, кемшілік айтылмаса, кемістік түзелмейді. Біз даму үстіндегі елміз. Үнемі ізденісте жүрген елміз. Алдыңғы саптан көрінуді мақсат тұтсақ, біздің құзырлы орында отырған азаматтар сала мамандарының тарапынан айтылған ұсыныстарға мән беруі керек. Сонда ғана бізге бәсекеге бәс тіге алатын қарымды елге айналу жеңіл әрі тиімді болмақ.